Қалай күліп жүрміз?

Біреулер күлкінің қырық түрі бар десе, енді біреулері жүз қырық түрі бар дейді. Бар болса бар шығар, оның бәрін кім санапты?! Көпшілікке белгілі күлкінің түрлері мыналар: мысқыл күлкі, мыстан күлкі, сайқымазақ күлкі, күнкөріс күлкі, таба күлкі, дарақы күлкі, залым күлкі, жарым күлкі, мүсәпір күлкі, ыржаң-ыржалақ күлкі, шынайы, риясыз күлкі. Осылайша кете барады. Заманына қарай адамы да, амалы да, күлкісі де өзгеретін секілді. Ендеше, қазіргі жастар қалай күліп жүр? Бұл сауалымызды Қостанай қаласындағы «Сөзжетпес» көңілді тапқырлар командасының капитаны, жайдарманшы Жәнібек Жалғасовқа қойған едік. IMG_3444
-Жәнбек, «Жайдарман» ойындарын әсіл-сықақ театрларының жалғасы деп айта аламыз ба? Ерекшелігі неде? Артықшылығы қандай?
-Дұрыс айтасыз. «Жайдарман» әзіл-сықақ театрлары бастаған сара жолмен келе жатыр. Заманға сай икемделген жаңа түрі десек болады. Әзіл-сықақ театрлары халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөліп, ел ішіндегі жағымсыз қылықтарды мысқылдап жеткізетін. Көңілді тапқырлар клубының ойыншылары да халықтың хал-ахуалын әзілмен айта біледі. 
«Жайдарман» ойындарына сын жиі айтылады. Әсіресе, «талғамсыз, өресіз, бейпіл қалжыңдар көбейді»  деп жатады. Сахнаға алып шығатын әзіл-қалжыңды кім жазады, қайдан аласыздар?
– Адамның бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ұнауға тырысудың өзі ақымақтық. Өйткені, әркімнің талғамы, таңдауы әртүрлі. Сондықтан «Жайдарман» ойындары туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Аға буын «Тамаша», «Бауыржан шоу» сияқты әзіл-сықақ театрларының қойылымдарын көріп өсті. Сондықтан  «Жайдарман» ойындарына биік талғаммен қарайды. Ал «Жайдарман» КВН-ның қазақша түрі. Көңілді тапқырлар клубы көршілес Ресейде кең тараған. Біздің елімізде де қарқынды түрде дамып келеді. Бүгінде жастардың көп жиналатын аудиториясына айналды. 
Әзіл-қалжыңдарды авторлар жазады. «Автор» деп отырғаным «Жайдарманның» басы-қасында жүрген жастар. Негізгі автор деп «Торғай» орталық лигасының редакторы Кәрім Қасиетті атаймыз. 
Әзілді өмірдің өзінен аламыз. Ел ішіндегі соңғы жаңалықтарды, проблемаларды айтуға тырысамыз. Әзіл айтудың да өзіндік әдебі, этикасы бар. Жеке басқа қол сұғып, тіл тигізуге болмайды. Сахнада айтатын әрбір сөзіміз редакторлық жұмыс кезінде тексеруден өтеді. Редакторлық жұмыста артық кеткен жерімізді алып тастап, жетпей қалған тұстарды жетілдіру туралы айтылады. 
Қостанайлық көрермендердің талғамы туралы не айтасыз? Командалардың деңгейі ше? Саусақты шошайтса да күле беретін кезге жеткен жоқпыз ба? 
-2009-2010 жылдары Қостанай мен Арқалықтағы «Жайдарман» ойындарын салыстыратынбыз. Себебі, екі қаланың көрермені әртүрлі болатын. Ал қазір қостанайлық жастар да қазақ тілді КВН ойындарына көбірек барады. Командалардың әрқайсысының стильдері бар, алға қойған мақсаттары анық. Әсіресе, мектеп лигасының ойыншылары республикалық ойындарда чемпион болып жүрген командаларға еліктеп, үлгі алып жүр.
Сахнада артық кетпеуіміз керек. Айтар ойды тиянақты түрде жеткізу оңай емес. Әзілдің өтімді болуы да үлкен жұмыс. Көрермен саусақты шошайта салғанға күле бермейді. Талғамдары жоғары. Ойыншылардың киіну үлгісі, сөйлеу мәнері, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті бір-бірімен үйлесіп тұруы керек. Әзіл-қалжыңды өмірде болғандай етіп жеткізуге тырысамыз. Адам шынайы нәрсеге ғана күледі. Сахна жасандылықты ұнатпайды.  
– Сіздің сөйлеу мәнеріңізді, қимыл-қозғалысыңызды «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының директоры Нұржан Төлендиев немесе Тукаға ұқсатады. Аталған актерге еліктейсіз бе?
– Бәрі еліктеуден басталды. Мектепте оқып жүрген кезімде Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Қоянбаевтар «Астана.kz» командасының құрамында Ресейде өнер көрсетті. Сол кісілерге қарап, сахнада өнер көрсетсем деп армандадым. Алдыма мақсат қойдым. Қазір сол мақсатқа жету жолында ізденіп жүрмін. Көпшіліктің алдына шыққан соң, шыңдала түсесің. Жаңа образдар іздеп, елдің есінде қалуға тырысасың. 
 Пародия жасап, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиевтің даусын салатынмын. Оның іс-қимылы менің бойымда қалып қойды. 
«Жайдарманда» қанша уақыттан бері жүрсіз? Осы уақыт ішінде көрерменді күлдіре білдіңіз бе әлде күлкі болдыңыз ба? 
-«Сөзжетпес» командасының құрамында 2007 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатырмын. Арқалықтағы Б.Майлин атындағы №3 орта мектебінде оқыдым. Сынып жетекшіміз Райхан Тайманованың бастамасымен «Сөзжетпес» командасы құрылды. 2009 жылы Қостанайда өткен ойынға қатыстық. Есен Елеукеннің өзі жүргізген сайыста біздің топ «көрермен көзайымы» атанды. Осы бір кішкентай жеңіс біздің топқа үлкен қуаныш сыйлады. «Торғай» орталық лигасы ойындарының қорытындысы бойынша 2014 жылғы «Әдебиет» маусымында және 2015 жылғы «Тарих» маусымында «Үздік ойыншы» атандым.  «Сөзжетпес» командасы 2010-2011 жылдары Қостанай қаласында өткен лиганың тұңғыш чемпионы болды.
Екінші сұраққа келсек, күлкі де болдық, күлдіре де білдік. Бірақ, көрерменді күлдіре білген сәттерім көп секілді. 
-Кітап оқисыз ба? Соңғы рет оқыған кітабыңыз және сүйікті авторыңыз?
– Соңғы рет Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітабын оқыдым. Аталған кітапты қазақ халқының руханият бұлағы деуге болады. Онда ұл мен қыздың тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр туралы айтылады. Қазақтың мыңжылдық тарихи салт-дәстүрі туралы кітапты анам берген еді. Кейде той басқарамын. Көпшіліктің ортасында, сахнада жүретіндіктен халқымызыдың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білуім керек. Аталған кітап таптырмас қазына. 
-Әңгімеңізге рахмет!
 
Қымбат Досжанова
 

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Керемет сұхбат .Жәнібек сізге сұрағым бар.Ойында импровизация көп колданасыз редакторлық жұмыста жасайтын төрешілер қалай қарайды. Немесе баллынызды томендеткен жағдай болган ба?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓