Тілек
Күз жыламсырап басталғанымен аспаннан бір тамшы тамбағанына бір айдың көлемі боп қалды. Қазан ортасында шаң басқан қала аумағында қарқылдаған қарғалардан басқа құс қалмағандай. Онсыз да жегідей жеген себепсіз ойдан арыла алмай жүргенде, еңсеңді езіп жіберер бұл дауыстан құлағың қанайды.
***
Таң атпай автобусқа лықа толған адамдардың физиономиясын көріп, өзінше болжам жасап, ой түйесің. Әне, біреу ұйқыдан шошып оянғандай күйде, терезеге телміре қарап отыр. Мына бойжеткен өзінің әдемілігіне дән риза, екі сағаттық макияжын бүлдіріп алмайын деп темір ұстағышқа кербездене сүйкенеді. Жас кезінде өңі келіскен жан болса да, қазір бала туып ебедейсіз толықсып кеткен келіншек қызымен әлек. Шашына жаққан қызғылт бояуы сұрықсыздана шайылып, ақ самайы көрінген әжей жанындағы өзі құралпы құрбысына әңгіме айтып келеді. Күнге қақталған қара плащы шатынап кеткен шалдың ешкімде шаруасы жоқ, екі көзін қыртыстандыра жұмып, кәрі мысықша мүлгіп отыр. Осы кәрілердің таңғы сегіздегі автобусқа несіне асығатынын түсінбеймін. Бейнетінің зейнетін көріп, жылы үйде оранып жатса нетті? Әй, бірақ, ауылдағы ата-әжемнің де күнделікті қылар ісі осы ғой. Ата-аналық, адамдық инстинкті уайымсыз күн кешуге мұрша бермегендіктен белі бүгілгенше еңбек етеді… Жыламсыраған бала, жөтел, телефон арқылы сөйлескен адамдар, бәрі де бір көліктін ішінде жиналып алып сенің жүйкеңе тиіп жатқандай. Бірақ, олай емес, әлемнің сенде, сенің әлемде, қоғамда не шаруаң бар?
Мақпал Шердің «…Төзімдерді тиеген автобустар» деп аяқталатын өлеңі бар еді… Ұмытып қалдым. Мына жаңбыр қашан жауады?
Жұмыс программасы 2007 ж. бері жаңартылмаған «оңбаған компьютермен» соғысумен басталады. Қосылғанша жиырма минөт… Оған дейін «қызықты» деген әңгімелерді естіп қаласың:
– Бастық «Рухани жаңғыруға» байланысты конференция өткізсін деді, тақырыбы қалай болмақ?
– Таң ата шай ішетін едім, бүгін құдай атып ұйықтап қалыппын, интернеттен қарай салсаңшы, түк қиындығы жоқ. Сценарийлер баршылық, сонымен подгонять ете саламыз ғой…
– Мына компьютер тағы тұрып қалды, принтердегі бояу да аз. Бояуға ақша жинаймыз ба, бес жүз жететін шығар?
– Жалақы келгенше көк тиын да сұрамаңыздар, көрші-қолаң, жолдастарымнан қарыз алып, жеккөрінішті болып біттім!
– Обедке не бар?!
Қарқылдаған қара қарға, шынымен үш жүз жыл жасайтын болсаң, бұған дейін не көрдің екен?
Заман ауысқанын өз көзіңмен көріп, сезу қалай болар еді? Дір етіп құлаған жетім жапырақтарды аяймын. Күн қызуы мен дауылды желден, аптап ыстықтан пана болған теректен аулаққа ұшқанда қорғанышсыз қалғандай… Тым сезімтал боп кетіппін.
Түскі ас уақыты, қасыма бұрын жақын араласқан құрбым келді. Қазір өзім алыстап кеттім. Күнделікті айтатын бос әңгімесінің арасында өздері қолға алған жобаның жетекшісіне мін тағып, күндеп қояды.
– Осы жобаның басы-қасында Мәди екеуміз жүрміз, ал ол болса түк тындырмайды. Менің айтқандарымды жоғарыдағыларға қайталап айтып береді…
Өткендегі «керемет жиналыстың» бірінде аузының суы құрып мақтағаны есіңде жоқ. Жә, болды, өтірік езу тартып, күле салайын.
Кетердегі әңгімелерді естіп жатырмын:
– Жұма екені есіме енді түсті ғой, бір жаққа шықпадық па?
– Қой, таста, ауылдан енем келіп, ет асайын деп жатырмыз, бара алмаймын.
– Клубқа барайықшы, плиз, Zara-дан алған туфлиімді көрсете алмай зар боп жүрмін, – деді оқуды енді аяқтаған желөкпе қыз.
– Конференция өтпейтін болды, тек дүйсенбі әдемі киініп кеп, шырт еткізіп фотоға түсеміз де, отчетқа салып жібереміз!
– Үфф, жақсы болды ғой!
– Всем пока!
Құрып кетші.
Көрші үйдің сары мысығы қарсы алдымнан шықты. Супермаркеттен алған шұжықтың жартысын бөліп беріп, орындыққа жайғастым. Мысық шұжықты қомағайлана жұтып жатыр. Қоңыр түсті жанарын аударып қойып тамағына ден қояды, міне, тағы да қарайды. Мейірлене басынан, жон арқасынан сипап қоямын. Жұп-жұмсақ өзі. Ақылды мысық деп ойладым. Балалық шағымдағы «Мамық» мысығыма ұқсайды. Көкке қарап едім ішім жылып кетті. Маңдайыма болар-болмашы тамшы тамып, бірте-бірте ірілене түсті.
– Не сұрайын сенен? Ойымды, жанымды шаңнан шайып жіберші деп тілейін бе? Қарапайым табиғат құбылысынан ғажайып күтетін кішкентай бала емессің ғой тәйірі?! Не күтсең де, не тілесең де өзіңннен тіле. Міне, қарапайым пәлсапа, ақыл.
***
Таң ата ол жұмыстан шығу туралы арызын сөмкесіне салып сол автобусқа қайта мінді. Бұл жолы адамдардың ажары басқаша. Кешегі көрген бойжеткен келбетті екен ғой шынымен, қаншама ай бір жолмен жүрсе де қалай байқамаған? Әлгі балалы әйел де, әңгімешіл әжей де бұған біртүрлі жылы көзқараспен, ықыласпен қарап отырғандай.
Ол өзіндегі бұл қуаныштың қайдан келгенін білмеді, тек, кешегі тілектің бекер болмағанын ойлап, белгісіз біреуге алғысын іштей жаудыра берді.
Сара Жақсылық
??