Қыс ермегі – мұз айдыны

Қыс мезгіліндегі ермектердің бірі – мұз айдынына барып, коньки тебу. Қостанай қаласындағы Баймағамбетов көшесінде "Технодом арена" ғимараты маңына салынған мұз айдыны өз жұмысын 27 қараша күні бастады. Бұл жайлы әуелі әлеуметтік парақшада жария етілген еді. Осы мұз айдыны туралы, онда барғандағы негізгі ереже-тәртіптер жайлы жерлестерімізге ақпарат бере кетуді жөн көріп отырмын.Аталмыш мұз айдыны күнделікті сейсенбі мен жұма күндері аралығында сағат 18:00-22:00 аралығында жұмыс істейді. Бұл уақыт келушілердің барлығы үшін ыңғайлы екені сөзсіз. Демалыс күндері түскі сағат 14:00-ден түнгі 22:00-ге дейін ашық болады.
Егер мұз айдынына алғаш рет барғалы жүрсеңіз, біздің кеңесіміз сізге артық болмайды деп ойлаймыз. Ең әуелі, өзіңізбен бірге рюкзакқа қосымша шұлық пен қолғап салып апаруды ұмытпаңыз жәңе ыңғайлы бас киім киген абзалырақ. Коньки тебудің шебері болмасаңыз, төмен жазылған ережелерге көңіл аударыңыз. Біріншіден, коньки аяғыңызға дәл келуі керек. Егер коньки тар болса, онда аяғыңыз тез тоңып, бұлшық ет тартылып қалуы мүмкін. Конькидің пішімі қатты болатындықтан, аяқты қысқаннан немесе қажағаннан түсетін жара ұзаққа дейін жазылмайды. Сондықтан, аяғыңызға шақ келетін коньки таңдап алғаныңыз жөн. Ал егер коньки аяғыңызға үлкен болса, тобықтың майып болу ықтималдылығы артады. Коньки кигенде аяғыңыз ішке және сыртқа бүгіле бермеуі керек. Бұған да аса мән берген дұрыс. Егер мұз айдынына алғаш рет шығып тұрсаңыз, онда сырғанауды жақсы білетін жақыныңыздың немесе арнайы жаттықтырушы маманның көмегіне жүгінгеніңіз абзал. «Алдымен құлап үйрену керек» десек те, тепе-теңдікті сақтауды меңгеруге көбірек мән беріңіз.
Коньки тебуді үйренемін деушілерге тағы бір кеңес: тік жүріп сырғанау құлап қалу қаупін жоғарылатады. Сондықтан, сырғанаған сәтте тізеңізді сәл бүгіп жүруге дағдыланыңыз. Тіпті, құлап немесе шалынып бара жатсаңыз, жерге қарай еңкейіп, жүрелеп отыруға тырысқан жөн. Себебі, осылайша мұз бетіне жеңіл құлайсыз. Конькимен сырғанаған кезде айнадай болып жылтырап жатқан мұзға қарамауға тырысыңыз. Бұл сенімсіздік пен қорқыныш сезімдерін туғызады әрі сіздің конькиді еркін тебуіңізге біршама кері әсер береді. Жоғарыда көрсетілген ережелер мен кеңестерді мұз айдынына шыққан сәтте міндетті түрде қолданыңыз!
 
Гүлназ Таңатқан,
ҚӨУ 2-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓