Di_Vocal – достық алаңы
Ән өнері – ықылым заманнан бері көптің ортасына жылдам жетіп, кең таралатын өнердің ең көне түрі. Қазақ даласының төсінде де мыңдаған әндер туып, өмірге қанат қақты. Осы бір өнер туралы әркімнің айтары бар.
Қостанай өңірлік университетінің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында музыкалық білім мамандығының 4-курсында оқитын Карима Рекенова ән өнері, өзінің осы салаға құштарлығы жайлы былай дейді:
«Менің әнге әуестігім бала кезімнен бастау алды. Орта сыныпта сахналарға шығып, өнерімді көрсете бастадым. Әртүрлі сайыстарға қатысқан кездерім де болды. Аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға белсенді түрде қатысып, бағымды сынап, жүлделі орындарды да иелендім. Әнді жақсы орындауды үйрету, әрине, ұстаздың міндеті. Көптеген мұғалімдерден тәжірибе алдым және оларға алғысым шексіз. Бірінші курстан бастап мені қолдап келе жатқан ұстазым Саденова Диана Абайқызы. Ол өз ісінің шебері әрі тәжірибесі мол маман. Ұстаздың ақыл-кеңесін ынта қойып тыңдап, тез арада іске асыра білдім. Өзім сахнаның адамы боламын ба немесе оқушыларға вокал, музыка жағынан сабақ беремін бе, бұл әлі белгісіз. Қазіргі уақытта бәрімізді біріктіретін студия – «Di_Vocal». Студия құрамындағы студенттер өте дарынды әрі талантты. Әрқайсы ән айту стилімен ерекше».
Диана Саденова – студенттер мәдениет үйінің вокал маманы. Оның еңбек жолын басқа салада басталған, ал ән өнеріне өзіндік хобби секілді қараған. Уақыт өте келе вокал мұғалімі қызметіне ауысты. «Di Vocal» студиясының негізін қалаушы.
«Карантин кезінде Instagram әлеуметтік желісінде парақша жүргізу керек деген студентім Рекенова Кариманың қазіргі студия атауын ұсынды. Жыл басында студенттер саны артады, бірақ емтихан бастау алған кезде қатарлары сиреп қалады. Қазір студияға 40-қа жуық студент келеді. Көптеген қызық оқиғалар болып тұрады, олардың барлығы дерлік іс-шарамен, дайындық процессімен байланысты. Қазір «акустикалық кешке» дайындық жүріп жатыр. Бұл кеште студенттер бас қосады. Өйткені, «акустикалық кеш» ресми түрде құрылмаған әрі барлық студенттер біздің атмосферада өздерін жайлы сезінеді. Студия орнына келетін шәкірттеріме нақты не ұнайтынын білмеймін, мүмкін бұл әр адамға жеке көзқарас, менің жеткізетін білім мен тәрбием және оқу барысындағы жеңілдік сезімнің берілуі шығар», – деді студенттер мәдениет үйінің вокал мманы Диана Абайқызы.
Ал Карима өнер жолындағы адам жалықпай іздену керек дегенді айтады.
«Әнді ұнататын, өнермен айналысқалы жүрген жасөспірімдерге айтарым, сахнаға шығуға қорықпай, кедергілерді бұзып, өзіңізге сенімді болыңыз», –дейді ол.
Дильназ Изделюева
3-курс студенті