«Қарыз күліп барып, жылап қайтады»
Қазір несие алмайтын адам жоқ. «Заманына қарай амалы». Біреулер үйлі болғысы келеді, енді бірі қымбат көлікті қалайды. Біздің қазақ той жасаса да банктің көмегіне жүгінеді. Тіпті, соңғы үлгідегі ұялы телефон сатып алу үшін банк жағалайтындар аз емес. Әйтеуір, жұмыр басты пенденің мұқтажы таусылған ба… Бірақ, кейіннен көбісінің «алаған қолы береген» болмай шығады. Бұл бір жағы ғана. Уағында несиені май шелпекке айналдырған заңды тұлғалар да жетісіп отырған жоқ.
Бүгінде не көп-түрлі қаржы институттары көп. Солар арқылы «несібесін айырып» отырған ірілі-ұсақты компаниялардан, кәсіпорындардан теңге еркін айналымға түскелі бері маза қашты. Кезінде екінші деңгейлі банктерден алынған миллиондаған теңге несиесі әбден қордалана-қордалана «бас айналдыратын» сомаға бір-ақ секірген. Бұған қарызын қайтаруға асықпаған шаруашылықтардың өздері кінәлі.
Қалай десеңіз де, біздің облыс банктерге берешегі белшеден асқан өңірлердің көшін бастап тұр. Яғни, қостанайлықтардың қордаланған қарызы 18,4%-тен асады. Өңірдің ақша-кредит нарығындағы қалыптасқан жағдай туралы баяндаған ҚР Ұлттық банк облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашев кезекті аппарат кеңесінде осылай деді.
Мәселен, 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметтерге сәйкес, қарыз мөлшері 49 млрд.теңгеге жеткен. Соның 41 млрд.теңгесі заңды тұлғаларға тиесілі. Бұл , жалпы алынған несиенің өткен жылғы 2,5 есе өсімімен қоса есептегендегі айырма.
-Егер сала бойынша жіліктер болсақ, онда сауда – саттықтағы жағдайдың қаншалықты ауыр екендігін байқауға болады. 2015 жылдың шілде айында саланың банктерге берешегі 8 млрд.теңгеден 21 млрд.теңгеге дейін өскен. Ал 1 желтоқсандағы мәліметтерден қарыз көлемі 30 млрд.теңгеге ұлғайғанын көруге болады. Түптеп келгенде қордаланған барлық қарыздың көлемі 13,6% -ден 50%-ке дейін шарықтаған.
Ауылшаруашылық саласының «айдарынан да бәлендей жел есіп тұрған» жоқ. Олардың 23 млрд.теңге берешегіне тағы 4,7 млрд.теңге жамалған. Шағын несие ұйымдарынан, продкорпорациядан немесе басқа да қаржы институттарынан алынған ақшаны есептемегендегі көрініс, бұл. Жалпы, банктердің ауылшаруашылық саласынан алашағы 20%-ке тең. Бұларға қарағанда жеке тұлғалардың несиелік көрсеткіші көп тәуір. Ұлттық банк филиалы директорының айтуынша, облыс тұрғындарының банк алдындағы берешегі 16%-ке дейін төмендепті.
Облыс әкімі Архмиед Мұхамбетов кеңесте аудан, қала басшыларына қалыптасқан жағдайды барынша қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айбек КӘДІРҰЛЫ