Арсеннің өліміне дәрігерлер кінәлі
Қостанайдағы түбіркүлезге қарсы диспансердің дәрігерлері кәсіби міндеттерін дұрыс атқармауы салдарынан баланың өліміне себепкер болғандары үшін айыпталуда.
Кішкентай пациенттің өлімі 2010 жылы тіркелген болса да, бұл оқиға БАҚ-да соңғы екі жарым жылда жиі қаузалды. 4 жасар Арсен отбасының жалғыз баласы болған, оның үстіне асыранды екен.
Іс материалдары бойынша, ол түбіркүлезге қарсы диспансерде екі ай көлемінде «ем қабылдаған». Осы уақыт ішінде өзінің негізгі науқасынан тыс, баланың ағзасына уытты гепатит жабысқан. Арсен ауыр халде қалалық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылып, екі күннен соң көз жұмған болатын. Сот медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша, баланың бауырының күрт дертініп, кейін ажал құшуына препараттардың кері әсері тиген. Негізінде, ақ халаттылардың трагедияның алдын алуға мүмкіндіктері болған. Өйткені биохимиялық терапия кезінде қан анализі бауыр қызметінің бұзыла бастағанын көрсеткен. Бірақ дәрігерлер күшті дәрілерді қолдануды дер кезінде тоқтатпаған.
Тергеу жұмыстары үш жылға созылып, қылмыстық іс 2013 жылдың шілде айында сотқа жолданады. 2015 жылы сот істі қосымша тексеріс жүргізу үшін кейін қайтарған. Осылайша, 2,5 жылдан соң ақ халаттылар қайтадан сот отырысына шақырылды. Прокурорлар дәрігерлердің айыбын дәлелді түрде айқын көрсетіп берді. Марқұм Арсеннің ата-анасы да олардың әділетті түрде жазаларын алатынына сенім білдіріп отыр. Іс әлі қаралуда.
Ж.Балғынбекұлы
Соңғы жылдары осындай жағдайлар көптеп кездесуде. Бір амалдарын қарастыру керек деп ойлаймын.