Н.Назарбаев, ҚР Президенті: «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол»

2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды.
Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді.
Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады.
Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды.
Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді.
Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді.
Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық.
Біз, қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды.
Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік.Послание президента на 2016 год_2
Біз Қазақстан Республикасының егемендігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін қамтамасыз еттік.
Оны Қазақстан экономикасының нақты табыстарымен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетін еттік.
Тәуелсіздігіміздің жоғары халықаралық беделмен және ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесімен сенімді қорғалуын қамтамасыз еттік.
Біз өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі болуға үйренудеміз, жаңа технологияларды меңгеріп, тарихымызда ешқашан болып көрмеген өндірістік қуаттар мен экономиканың тұтас салаларын іске қосудамыз.
Және ең бастысы – біз жаңаша армандауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөлшегі болып отырған жаһандық әлемдегі қиындықтарға қарамастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік.
 
Жаңа қазақстандық арман
Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар.
ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұл 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманға айналды.
Шын мәнінде, осы бүкілхалықтық сенім кепілі біздің Болашағы Біртұтас Ұлт туындауындағы тарихи акт болды.
Біз өзіміздің жаңа арманымызға қарай жақындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын жасаудан бастадық.
Осы жаңғыртуларға шешуші рөл беріліп отыр. Олар Қазақстанды, оның экономикасын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін шешуге даңғыл жол салады.
Олар планетадағы аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін жаңа лайықты жағдайлар қалыптастырады.
Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және  дәулеттірек болады.
2015 жылдың бірнеше айының ішінде ғана Бес институттық реформаның басталуын заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету бойынша орасан зор жұмыс атқарылды.
Бұл жұмыс менің Жарлығым бойынша құрылған Жаңғыртулар жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен жүргізілді.
Мен бірқатар кеңес өткізіп, сарапшылармен, саясаткерлермен, бизнес және қаржы ұйымдарының басшыларымен әңгімелестім.
Халықаралық сапарларым мен кездесулерім шеңберінде мен өзімнің әріптестеріммен – өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен талай рет кеңестім.
Тұтастай алғанда, менің Қазақстанды тереңдете жаңғырту жөніндегі ой-ниетіме барлық тараптан жан-жақты қолдау көрсетілді.
Әлеуметтік сауалдамалар да Ұлт жоспарының барлық бес реформасына тұрақты жоғары қолдау көрсетіліп келе жатқанын айғақтап беріп отыр. Қазақстандықтар реформалардың уақтылы және көкейкесті екенімен бірауыздан келіседі.
Қазірдің өзінде барлық қажетті заңдар қабылданды және заңдық күшіне енді.
Парламент пен Үкімет жұмысының үйлесімділігін ерекше атап өткім келеді. Өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған заңнамалық жұмыстардың осындай қарқыны мен сапасы бұған дейін Қазақстанда болып көрген емес.
Бұл – біздің парламенттік моделіміздің және мемлекеттік биліктің өкілетті және атқарушы тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесінің жоғары тиімділігінің айғағы.
Ұлт жоспарын орындау бойынша практикалық жұмыстар жаңа мүмкіндіктер мен әлемдік дамудағы ықтимал тәуекелдерді есепке ала отырып, өзгермелі жаһандық жағдайларға толық сәйкес түзіліп жатқанын көру маңызды.
Бұл туралы менің 2015 жылдың 30 қарашасындағы Қазақстан халқына Жолдауымда егжей-тегжейлі баян етілген.
Бес институттық реформа Қазақстан экономикасы жаһандық экономикалық қиындықтардың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде ерекше маңызды.
Біз оларды экономикалық өсімнің сенімді қарқынын қалпына келтіру мен бүкіл халыққа берік әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің дағдарысқа қарсы кең ауқымды шараларының басты құрамдасы ретінде қарастырамыз.
Қазақстанның дамудың жоғары әлемдік стандарттарына қол жеткізуіне ықпал ететін жаңа қазақстандық заңнамалар қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.
Сондықтан қазір қазақстандықтардың олар туралы тек біліп қана қоймай, сондай-ақ, олардың практикалық өмірде, экономикалық қызметте немесе қоғамдық қатынастарда беретін жаңа мүмкіндіктерін қолданулары маңызды.
Баршаның бойында құқықтық жаңалықтар негізінде мемлекеттік басқару мен құқық тәртібінің жүйесі қалай ауысатыны жайында барынша толық түсінік болуы тиіс. Жаңа жағдайларда бизнесті қалай дамытуға немесе мемлекеттік емес сектордың қызметін қандай перспективалы бағыттарда белсенді етуге болады деген сияқты.
Осының бәрі, тұтастай алғанда, тұрғындардың бәрінің экономикалық және азаматтық белсенділіктерін арттыруға қуатты серпін беретін болады.
Осының арқасында біз өзіміздің қазақстандық арманымызға қарай секіріс жасап, ХХІ ғасырдың ортасындағы басты мақсатымызға жақындай түсетін боламыз.
Бес реформаның әрқайсысы бойынша іс-қимылдың жол картасы жасалған және біз оларды дәйектілікпен жүзеге асырамыз.
 
Мемлекетті кәсібилендіру
Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт – Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар.
1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды.
Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік.
Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды.
Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды.
Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр.
Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады.
Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдарланған және жаңа жылдан бастап күшіне енді.
Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.
Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады.
Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.
Жаңа заңға бірқатар қағидатты нормалар енгізілген.
Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады.
Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік қызметшілер ротацияларының мүмкіндігі көлбеуінен және тігінен оларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ете отырып қарастырылған.
Екіншіден, мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алады.
Үшіншіден, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылған.
Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Бұл жерде 2016 жылы бүгінде «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғарылайтынын айта кету керек.
Төртіншіден, заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылған.
Министрлер мен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.
Бесіншіден, шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды.
Сондай-ақ, жаңа институт – этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты.
Бұл жерде құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігі қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.
Жетіншіден, жаңа заң негізінде және еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған.
Аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланатын болады.
Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітіледі.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары осындай.
Мен оны Қазақстандағы барлық жаңғырту үдерісі ой-ниеті табысының шешуші тетігі ретінде қарастырамын.
 
Құқық тәртібі және заңдылық
Екінш реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.
Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.
Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.
Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау.
Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.
Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.
Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.
Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.
Сот реформасының маңызды қыры – сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.
Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.
Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.
Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.
Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.
Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.
Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.
Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.
Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.
Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.
Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.
Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары – құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.
Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.
Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.
Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.
Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.
Бұл үшін жергілікті биік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.
Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.
Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.
Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.
Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.
Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.
Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.
Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы – біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады.
 
Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу
Ауқымды жұмыс үшінші реформаторлық бағытқа – индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртулар кешенімен байланысты.
Біздің ұзақ мерзімді ұстанымымыз экономика қызметіндегі транзакциялық шығындарды ұдайы қысқарту болуы тиіс.
Олардың көлемі, ең алдымен, мемлекеттік институттардың қалай жұмыс істейтініне байланысты.
Салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар зор маңызға ие болады.
Біріншіден, бұл арада әңгіме салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру туралы болып отыр.
Бірте-бірте электронды пішімге көшірілетін тауарлы-көліктік жүкқұжат бақылауы енгізіледі. Сондай-ақ, құжаттардың сәйкестендірілуі пішіні негізінде салықтық және кедендік тексерулер ресімі оңтайландырылады.
Тексерулерге шағым беру ресімі біртұтастандырылады.
Екіншіден, табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен көшу қарастырылады.
2017 жылы декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері – бұл шамамен 1,7 миллион адам – ұсынатын болады. 2020 жылдан бастап жалпыға ортақ декларациялаумен барлық жеке тұлғалар қамтылады.
Үшіншіден, салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы мәселесі қарастырылып жатыр.
Төртіншіден, қолданыстағы салықтық режімдерді оңтайландыру жоспарланып отыр, онда 2017 жылдан салықтық кірістер мен шығыстардың есебі міндетті түрде енгізілетін болады. Бұл көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, табысты жұмыс істеп тұрған экономиканың маңызды қағидаты мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы, оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жайлар бизнестің оңалтылуы мен банкроттығының жаңғыртылған құқықтық қырлары бар Кәсіпкерлік кодексінде көрініс тапқан.
Бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келеді. Оның қызметінің заңнамалық негізі де Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген.
Бұдан бөлек, онда мемлекеттік монополияға қарсы қызметтің құқықтық шеңберлері ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес егжей-тегжейлі баян етілген.
Жаңартылған монополияға қарсы қызмет еркін бәсекелестікті жан-жақты дамытуға бағдарлануы тиіс.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап доминанттар тізілімі тек реттелетін рынок бойынша жүргізіледі, ал 2017 жылдан бастап толықтай алынып тасталады.
Тиісті тауарлы рыноктарға субъектілердің үлесін ұлғайтуға мұндай іс-қимылдар бәсекелестікті шектеу белгісі болмаған кезде ғана жол берілетін болады.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеу алынып тасталады, оның орнына тек монополияға қарсы реттеу мен бақылау құралдары ғана пайдаланылады.
Монополияға қарсы қызмет жанынан жаңа институт – монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ететін келісім комиссиясы құрылатын болады.
Мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара іс-қимылы мен әріптестігінің жаңа қағидаттары Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңның жаңартылған редакциясында көрініс тапқан.
Олар өнімді сату үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл, сондай-ақ, Қазақстанда жаңа жоғары технологиялы өндірістер құруға қызмет ететін болады.
Фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды дамыту үшін айтарлықтай ынталандырушы күш Жер кодексіне енгізілген өзгерістер болды.
Жаңа құқықтық нормалар жұмыс істеп тұрған 224 мыңнан астам агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне олар жалға алған 97,4 млн. га жерді жекеменшікке алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, кадастрлық құнының 50 %-ы көлемінде 10 жыл мерзімге бөліп-бөліп төлеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, 102 млн. гектар запас жердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған 85,3 млн. гектарын да Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жекеменшікке аукцион арқылы сатып ала алады.
Мүлікті заңдастыру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандыру шаралары қабылданды. Құпиялылықты сақтауға, сондай-ақ,  Қылмыстық және әкімшілік қудалаудан қорғауға кепілдік беріліп отыр.
Бұл капитал ағынын ұлғайтып, көлеңкелі экономика деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Заңды тұлғалардың оңалтылуы мен банкроттығы ресімдері заңнамалық деңгейде нақты және түсінікті бекітілген.
Компаниялардың банкроттығы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпорындардың жұмысшыларын қысқарту арқылы тоқтап қалуына алып келмеуі тиіс.
Өндірістің өміршеңдігі мен жұмыс орындарын сақтау үшін төлеуге қабілетсіздікті сотқа дейінгі тәртіпте реттеудің жаңа тетігі жасалды. Ол борышкер мен кредиторға кәсіпорынды қаржылық сауықтыру мақсатында қайта құрылымдау мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Инвесторлар өздерінің шығындарын азайтуға, қалпына келтіруге мүмкіндік алады.
Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіруді белсенді ете түсу үшін жекешелендіруден, активтерді әділ нарық бағасы бойынша сатудан, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік инвесторларға жекешелендіруге барынша қатысуға жағдай жасау үшін шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданды.
Жекешелендірудің шешуші тетігі акцияларды қор рыноктарына ашық аукциондар арқылы орналастыру болады.
2016 жылдың І тоқсанында мүліктен айыруға жататын нысандардың тізімі қысқартылып, барлық акционерлердің квазимемлекеттік секторда иеліктен шығарылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды қарастыратын заң жобасы жасалатын болады.
Жаңа тетіктерді есепке ала отырып Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру басталды.
Осы құжат шеңберінде бәсекелесті ортаға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ пен «ҚазАгро» АҚ-тың мемлекеттік меншіктегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың құрамына кіретін 173 еншілес және тәуелді ұйымдары берілетін болады.
Сондай-ақ, 545 ұйымнан тұратын Жекешелендіру нысандарының қолданыстағы тізіміне өзекті сипат беріледі.
2016-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ активтерінің бір бөлігі бәсекелесті ортаға өткеннен кейін олар ықшам холдингтерге қайта құрылатын болады.
Мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор активтерін беру отандық кәсіпкерлікті, жеке бизнесті одан әрі нығайту мен дамыту үшін жүргізіліп отыр.
Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін береді.
Пайдасын ұлғайтуға мүдделі жеке бизнес қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, өнімінің сапасын жоғарылатады, бәсекелестік өсетін болады, демек – ұсынылатын қызметтің бағасы төмендейді.
Аграрлық секторда әкімшілік кедергілер қысқарады.
Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді.
Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз.
Экономикалық өсімнің жаңа бастауын қалыптастыру мен қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда бүгінде «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасы маңызды шара болып отыр.
Оған қатысушылар – импорт алмастыруға бағыт ұстанған өндіріс секторының аса перспективалы компаниялары.
32 компания – «ұлттық чемпиондар» 2019-2020 жылдарға қарай ішкі тікелей инвестицияларды шамамен 750 млн. доллар көлемінде өсіруді, шамамен 15 мың жұмыс орнын құруды, еңбек өнімділігін 30-50 %-ға арттыруды және шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін 260 млн. долларға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді.
 
Сыртқы инвестициялардың жаңа көздері
Ұлт жоспарының экономикалық блогына кіретін шаралар біздің экономикамыздың өңдеуші секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастырады.
«Зәкірлі инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру жөніндегі жұмыстармен өңдеуші өнеркәсіптің, инфрақұрылымдардың, энергетиканың және басқа отандық компаниялардың 3 тобы қамтылатын болады.
Бірінші топ – қайта инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіпорындар.
Екінші топтрансұлттық корпорациялардың әлеуеті пайдаланылатын кәсіпорындар.
Үшінші топ – «зәкірлі инвесторлар» үшін жоғары нарықтық бәсекелі кәсіпорын мен экспорттық брендтердің пайда болуы.
Қазірдің өзінде 26-дан астам ТҰК-пен келіссөз жүргізілсе, олардың бірқатарымен нақты уағдаластыққа қол жеткізу мүмкін болды.
Ұлт жоспарының үшінші бағытының темірқазық мәселесі тәуелсіз сот жүйесі, ағылшын тілін қолдану және инвестициялық резиденттік қағидатын енгізу құқығымен жеке заң құзыреті қағидаты бойынша АСТАНА халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру болып табылады.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданып, күшіне енді.
АХҚО қызметінің экономикалық нәтижелері қазақстандық капитал рыногына тікелей шетел инвестицияларының ағыны есебінен жыл сайын орта есеппен ІЖӨ-нің 1 пайызға дейін жеделдете өсуінде көрініс табатын болады.
Мұның сыртында АХҚО шеңберінде 2 мыңнан астам білікті жұмыс орындары құрылады.
Біздің елордамыз Астана Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығы ретінде дамып, әуежайдың жаңа терминалын қоса алғанда, заманауи халықаралық көліктік-логистикалық жүйеге ие болады.
 
Инновациялық индустрияландыру көкжиектері
Ұлт жоспарында экономиканың бірқатар перспективалы секторларын дамыту бойынша шаралар қарастырылған.
Бірінші кезекте ол электр энергиясы секторына және энергиялық тиімділіктің өсуіне қатысты.
Бізге 2020 жылға қарай ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 25 пайызға және ғасырдың ортасына қарай 50 пайызға төмендетуге қол жеткізу керек.
Ол үшін энергия сервистік келісімшарттар тетігі арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту қажет.
Жеке энергия сервистік компанияларды дамытуды белсенділендірудің, оларды энергия үнемдеу саласына қызметтер кешенін ұсынуға ынталандырудың маңызы зор.
Елдің тұтынушыларын электр энергиясымен сенімді жабдықтау – электр энергетикасының негізгі міндеті.
Электр энергетикасы саласындағы заңнамадағы өзгерістер энергия өндіруші ұйымдарға «бірегей сатып алушы» моделін енгізу арқылы негізгі қорларды жаңғыртуға, қайта құруға, ұлғайтуға және жаңартуға салынған инвестицияларды қайтаруда ұзақ мерзімді кепілдіктер беруді қамтамасыз етуді көздейді.
Энергия мен жабдықтау сенімділігін арттыру және түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясы бағасының бақылаусыз өсуінің алдын алу үшін өңірлік электр желілік компаниялар мен электрмен жабдықтаушы ұйымдарды нығайту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Ол салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызып, электр энергиясының халықаралық ағындарын ішкі тұтынушылар пайдасына қарай реттеуді қамтамасыз етеді, саланы мемлекеттік басқару сапасын арттырады.
Біз ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз.
Бұл орайда бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялы өндірістердің сыни массасын өсіруге қол жеткізу маңызды.
Қазір Дүниежүзілік банкпен «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру шеңберінде 65 ғылыми жоба орындалуда.
Зәкірлік ТҰК-терді тарту технологиялық даму орталықтарын құруға мүмкіндік береді. 
Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының нәтижелері бойынша-ақ бірқатар шешуші көрсеткіштерге қол жеткізілмек.
Бизнестің инновациялық белсенділігі ІЖӨ-нің 20 пайызына дейін, инновациялық өнімдер үлесі 2,5 пайызға дейін артады.
Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады.  Оларда ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған.
2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд. теңгені құрайтын болады, ал ол республикалық маңыздағы автожолдардың бүкіл жүйесін ұстауға жағдай жасайды.
Қазақстанды халықаралық көліктік-коммуникациялық ағындарға интеграциялау мақсатында мультимодальды «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізін» құру бойынша жоба басталды.
Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмендетеді.
Қазақстандық маршруттарға қосымша жүк ағындарын тарту көліктің барлық түрлерімен транзиттік тасымалды 2020 жылы қазіргі 18 млн. тоннадан 33 млн.тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтады.
Контейнерлік тасымалдарды мемлекеттік реттеуден босату таяудағы 5 жылда олардың көлемін 500 мың тоннадан астамға ұлғайтуға жағдай жасайды.
Азаматтық авиация саласында әуе тасымалдары, ең алдымен, отандық тасымалдаушылардың транзиттік әлеуеті мақсатты түрде ұлғайтылатын болады.
Әуе тасымалдарының рентабельділігін арттыру үшін Алматы маңында халықаралық авиациялық хаб құрылады.
Астананың әлемдік деңгейдегі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін 2019 жылға дейін Токио, Сингапур және Гонконг сияқты жетекші қаржы орталықтарымен жаңа халықаралық бағыттар ашылатын болады.
Құрылыс саласында құрылыс салушылардың бүкіл рұқсат беру ресімдерін «бір терезе» қағидаты бойынша өту үдерісін реттейтін бірегей нормативтік құжат қабылданады.
Сараптаманың жекелеген түрлері, жұмыстың технологиялық күрделілігіне байланысты, жеке секторға берілетін болады. 2016-2020 жылдары жобалардың 90 пайызға дейінін жекеменшік рынокқа беру жоспарланып отыр.
Сол сияқты құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісіне көшу де жоспарланған, ол құрылыс материалдарының, жұмыс күшінің және басқа да қызметтердің ағымдағы нарықтық құнын ескеруге жағдай жасайды.
Оның сыртында 2015 жылдың 1 шілдесінен еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормалары іске қосылған болатын.
Туризм сияқты перспективалы салада негізінен әкімшілік кедергілерді төмендету, жаңа туристік нысандар мен маршруттарды дамыту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру есебінен айтарлықтай өсімге қол жеткізу қарастырылуда.
 
Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушылары
Экономиканың қарқынды дамуы еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру үдерісіне айрықша назарды қажет етеді.
Осы мақсатпен Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қабылданды.
Ол Халықаралық еңбек ұйымы мен ЭЫДҰ-ның еңбек стандарттарына негізделген.
Еңбек шарты жағдайларын өзгерту ресімдері заңнамалық тұрғыда оңайлатылған, еңбек ұжымдарында өзін өзі басқару жүйесін енгізу бойынша шаралар, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері тетігі қарастырылған.
Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды.
Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 
Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) жобалары үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылданды.
Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Арқаулық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады.
Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылатын болады.
Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарастырылған.
Сол сияқты мұқтаж тұрғындарға оның атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жоспарланып отыр.
Мұндай көмек табыстары отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен отбасыларына көрсетілетін болады. Сонымен бірге көмек алушылар жұмыспен қамтуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына міндетті түрде қатысатыны туралы әлеуметтік келісімшарт бекітеді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түрлері мен қағидаттары 2018 жылдан бастап енгізіледі.
Бүтіндей алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың аса маңызды қыры адам әлеуетін дамытуға инвестициялардың біртіндеп өсіп отыруына байланысты болмақ.
Бізге Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде өмірге енгізу қажет.
Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, Жұмыспен қамтудың жол картасы өзекті етіле түседі. Оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды.
2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады.
Оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды.
 
Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол
Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыры топтасқан халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көрсетіп берді.
Біздің еліміз өзінің табысты даму моделімен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Қазіргі заманғы әлемде барлық дамыған мемлекеттер – біртұтас ұлттар.
Олар бірыңғай экономикалық, саяси және мәдени рет-тәртіппен өмір сүреді, оларды дамудың ортақ мақсаттары, жеке адамның табысы мемлекеттің қуатымен және табыстылығымен ажырағысыз байланысты екендігіне деген бірегей түсінік біріктіреді.
Бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асырады. Қазақстанға келер болсақ, біз де осы жолға түстік.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, біртектілік пен біртұтастық саласында әмбебап стандарттар мен ұсынымдамалар жоқ. Әлемде бірде-бір ел осы саладағы сын-қатерлерге дайын рецепттерге, модельдер мен жауаптарға ие емес.
Әлемде әлі ешкім де өмірдің осы саласын өлшеуге қабілетті қандай да бір жалпыға ортақ біртектілік пен біртұтастық индексін немесе формуласын ойлап тапқан жоқ.
Сонымен бірге, біздің біртектілік пен ұлт бірлігі саласындағы жұмыстарымыздың түпкі мақсаттары – немесе технократтық түрде бейнелегенде – күтілетін нәтижелер – ЭЫДҰ елдерімен ортақ.
Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы.
Қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні де дәл осында.
Бізде қазірдің өзінде екі негіз бар, оларды дамыта отырып, біз өзіміздің Болашағы Біртұтас Ұлтты дәйекті түрде нығайта беретін боламыз.
Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның миссиясы – бізді этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығына бастайтын жол.
Ғылым жердегі әрбір этнос кем дегенде бір айрықша сапаға ие дегенді айтады.
Біздің өміріміз қазақстандық 100 этностың 100-ден кем емес, айрықша және қайталанбас ерекшеліктері бар екенін көрсетіп отыр. Олардың бәрі жиналып келгенде біздің Біртұтас Ұлтымызға тамаша артықшылықтар береді.
Көпэтностық – біздің ортақ ұлы қазынамыз! Міне, 20 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы осы байлықтың басты сақтаушысы миссиясын табысты атқарып келеді.
Ассамблея – біздің қазақстандық біртектіліктің негізі де осы.
Екіншіден, біз Мәңгілік Ел  жалпыұлттық идеясына ие болдық.
«ЕЛ» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді.
Мәңгілік Ел идеясында болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан.
Жасампаз қазақстандық патриотизмнің осынау негізін біз өзіміздің ұлы істерімізбен қалыптастырдық.
Оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұластырып отыру керек.
Мәңгілік Ел  Патриоттық актісінің тарихи және рухани күші де осыдан танылуы тиіс.
Біз біртұтас азаматтық, Мәңгілік Ел жалпыұлттық құндылықтары қағидатында, Тәуелсіздік жылдары ішіндегі біздің жетістіктерімізді жұмылдыру, сондай-ақ, үш тұғырлы тіл мәдениетін енгізу негізінде Қазақстан қоғамын дамыту арқылы ортақ біртектілік пен ел бірлігін нығайтуды мақсат етудеміз.
Біздің күретамырлық басымдықтарымыз да осы.
Осы бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру үшін, сөз жоқ, ЭЫДҰ елдерінің тетіктер жүйесі пайдаланылады.
Олар қазақстандық ерекшелікті ескере отырып, ең алдымен, мәдениет пен білім беру саласын жаңғырту үшін, жастарды әлеуметтендіру және патриоттық тәрбие беру үшін бейімделген.
Сонымен бірге, мемлекет құрудың жаңа белесінде ұлт біртектілігі мен біртұтастығын нығайтудағы біздің стратегиямызда қағидатты маңызды сәт бар.
Біртектілік пен біртұтастық бойынша бүкіл жұмысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында түзетін боламыз. Ол шешуші қағидат.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі біртектілік пен біртұтастықтың тек нақты факторларға – меритократияға, кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысына, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономикалық өсімге, есеп беретін мемлекеттің транспарентті жұмысына ғана арқа сүйей алатынын көрсетіп отыр.
Басқаша айтқанда, Ұлт жоспарының барлық 100 қадамының табысты нәтижелеріне арқа сүйейтін болады.
Біртектілік пен халықтың бірлігі негізінде біртектілікті нығайту үшін институттық негіз құру мақсатында заңдар, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары, Мемлекеттік хатшы өкімдері пішімінде бірқатар құжаттар әзірленді.
Ұлт жоспарының төртінші бағытын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету үшін Парламент Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік рәміздер, мәдениет және тарихи-мәдени мұралар, туризм, үкіметтік емес ұйымдар қызметі мәселелері туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. 
Сондай-ақ, Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы жаңа Заң қабылданды.
3 жаңа Тұжырымдама әзірленді – біртектілік пен біртұтастықты нығайту және дамыту, Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту, дене тәрбиесі мен спортты 2025 жылға дейін дамыту.
Мәдени саясат тұжырымдамасына, мемлекеттік даму және тілдердің жұмыс істеуі, білім беру бағдарламасына маңызды өзгертулер енгізілді. Оның сыртында Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы, 2020 жылға дейін үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы әзірленді.
Үкімет Қазақстанның ұлттық брендін ілгерілету бойынша іс-қимылдар жоспарын бекітеді.
Қазақстандық музейлерді және мемлекеттік рәміздерді пайдалану жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Дербес Іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттің ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылын нығайту үлкен маңызға ие.
Бірегей Ұлттық мерекелер күнтізбесін құру бойынша жұмыс жоспары да өзекті.
Қазақстандық БАҚ-тарды жаңғырту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету, бірқатар мәдени-білім беру және ақпараттық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары жүзеге асырылатын болады.
Қазақстандық біртектілік – мемлекеттің, қоғамның, жекелей алғанда, әрбір азаматтың табысының біртектілігі екенін ерекше атап көрсеткім келеді.
 
Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет
Транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыруға бағытталған бесінші реформа шеңберінде бірнеше түйінді міндеттерді шешуге тура келеді.
Біріншіден, «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылатын болады.
Бұл жаңа құрылымға қазір жұмыс істеп тұрған «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары біріктіріледі.
Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсетудің ортақ провайдеріне ғана өтініш береді.
Бұл оларды ұсынудың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, қажетсіз әкімшілік кедергілерді және сұрау салынатын құжаттар тізімін қысқартады.
Қызмет көрсететін мемлекеттік органдар корпорацияға өз өкілеттіктері шеңберінде барынша ықпал жасап, сондай-ақ, бүкіл мемлекеттік қызмет көрсетулердің 2017 жылдың соңына дейін берілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына Үкімет өкілі жаңа Корпорация болып табылатын ортақ Провайдер, сондай-ақ, ҮЕҰ құратын арнаулы қоғамдық кеңес бақылау жасайтын болады.
Екіншіден, мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдар ұстанады.
Ол үшін жыл сайын Үкімет, министрлер, әкімдер үшін және осылайша мемлекеттік органның әрбір құрылымдық бөлімшелеріне дейін мақсатты индикаторлар қабылданатын болады. Барлық мемлекеттік қызметшілер өздерінің басшылығы бекіткен жеке жоспарлар бойынша жұмыс істейді.
Мансаптық дәреже, олардың біліктілігі, атқаратын функциясы және оған бекітілген өкілеттіктер негізінде мемлекеттік қызметшілердің ағымдағы тапсырмаларды орындау жүйесін жеңілдету де маңызды.
Үшіншіден, сапалы жоспарлауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік статистиканың анықтығын қамтамасыз ету қажет.
Сондықтан сапалы статистикалық мәліметтер беруде респонденттер мен әкімшілік көздерінің жауапкершілігін арттыру маңызды.
Осы жайлардың бәрі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында ескерілген.
Төртіншіден, менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарына ревизия және оңтайландыру жүргізілді.
Бұдан әрі де барлық деңгейлердегі бағдарламаларды жоспарлауда, әзірлеуде және жүзеге асыруда ЭЫДҰ ұсынымдамаларына негізделген 5 шешуші қағидат – негізділік, сабақтастық, транспаренттілік, мониторинг және бақылауды нақты сақтау қажет.
Аумақтарды дамыту бағдарламалары да осы тұрғыда қайта пішімделуі тиіс.
Барлық жаңа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды Премьер-Министр басқаратын консультативтік-кеңес беруші орган қарауы керек.
Бесіншіден, Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.
Мемлекеттік органдарға түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаржыларын шұғыл түрде қайта бөлу құқы берілді.
Құрылым және штат саны бойынша шешімдер қабылдауда олардың өкілеттіктері кеңейтілді, ол білікті мамандар тарту үшін маңызды.
Алтыншыдан, мемлекеттік басқару органдарының жұмысына баға берудің жаңа жүйесі сыртқы тәуелсіз аудиттің міндеттілігі, жариялылығы жұртшылықпен кері байланыс, басшылардың дербес жауапкершілігі қағидаттарына негізделеді.
Бағдарламалық құжаттардың орындалуы мен мемлекеттік органдар қызметі бағасының берік өзара байланысын қалыптастыру маңызды.
Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру шеңберінде Есеп комитеті мен қаржылық бақылау органдарын реформалау жоспарланып отыр. Олар сараптамалық-талдамалық құрамдастарды күшейте отырып, әлемдік аудиторлық компаниялар моделі бойынша жұмыс істеуі тиіс.
Оның сыртында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жыл сайынғы аудиті, әсіресе, бюджет қаржыларын пайдалану бөлігінде аутсорсингке беріледі.
Жетіншіден, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігінің негізгі критерийлерінің бірі халықтың ақпараттарға қолжетімділігін кеңейту болып табылады.
2016 жылдан бастап азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңмен қорғалатын құпиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.
Жеке компаниялар да, егер олар қоғамдық функциялар атқарса немесе бюджет қаржыларын алушылар болып табылса, ақпараттар ашықтығы ережесін ұстануға тиіс болады.       
Бұл орайда мемлекеттік органдардың жаңа, азаматтар үшін қолайлы және түсінікті ақпараттарды беру пішімін әзірлеуі және енгізуі талап етіледі. Қазіргі бар порталдарды жаңғырту, сол сияқты селолық елді мекендерді жоғары шапшаңдықты трафикпен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқаруға тура келеді.
2016 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық, мерзімді ротация қағидаттарында жаңа Қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп тұрғандары қайта пішімделетін болады.
«Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес бұл институт қоғамдық бақылаудың жаңа тиімді тетіктеріне ие болды.
Кеңестер құрамы квоталық қағидат бойынша құрылады, бірақ олардың мүшелерінің үштен екіден кем емес бөлігін жұртшылық өкілдері құрауы тиіс.
Кеңестер басында мемлекеттік қызметте жоқ белгілі қоғам қайраткерлері тұруы тиіс.
Қоғамдық кеңестерге меморгандардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талқылау құқы беріледі.
Олардың отырыстарында мақсатты индикаторларға қол жеткендігі туралы атқарушы органдардың есептері тыңдалып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралатын болады.
Атқарушы биліктің барлық сатылары мен Үкімет мүшелерінің азаматтар алдындағы есептері қарастырылған.
Олар, сондай-ақ, заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізетін болады.
Кеңестердің шешімдері ұсынымдамалық сипатқа ие болады,  бірақ олардың қаралуы мемлекеттік органдар үшін міндетті.
 
Мемлекет функцияларын бәсекелесті ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беру
Мемлекеттің дамуы бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беруді талап етеді, ал олар бүгінде, бүтіндей алғанда, 4,5 мыңға жуық.
Осы мақсатта Премьер-Министрдің орынбасарының басшылығымен, оның құрамына Парламент депутаттарын, орталық атқарушы органдар басшыларын, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдерін қоса отырып, тұрақты жұмыс істейтін Комиссия құрылады.
Оның шеңберінде әрбір меморган бойынша бәсекелесті ортаға берілетін функциялар тізімі анықталады. Сондай-ақ, бәсекелесті ортаның берілетін мемлекеттік функцияларды, жұмыс істеп тұрған регламенттерді, сондай-ақ, бағалар мен сапа критерийлерін жүзеге асыруға дайындығын ескере отырып, оларды беру пішінін таңдап алу қажет.
Комиссия мемлекеттік функцияларды беру регламентін қарастырып, мониторинг жүргізеді және олардың орындалу сапасына бақылау жасайды.
Оларға үш сатыда берілетін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қосымша өкілеттіктер беру орталық деңгейдегі реформалардың заңды жалғасы болуы тиіс.
Бірінші сатыда (2016-2017 жылдар):
– аудан әкімінің аудандық маңыздағы қала, кент, село және селолық округ әкімі лауазымына ұсынатын кандидатурасын одан әрі аудан мәслихатына және сайлау өткізуге енгізу үшін келісу;
– әкімді босату туралы мәселеге бастамашы болу;
– жергілікті қоғамдастықты дамыту туралы бағдарламалық құжаттар жобаларын қарау және абаттандыру мен қоғамдық тәртіптің көкейкесті мәселелерін талқылау;
– қолма-қол ақшаның бақылау шоты есебінен алынған мүлікті иеліктен шығаруда аудан әкімі ұсынысын қарау;
– елді мекендер шеңберіндегі жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуын және жеке тұлғалардың заңсыз иеленуіне жол бермеуін бақылау;
– жергілікті қоғамдастықтың мемлекеттік мекемелеріне басшылар тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
– оларға қосымша екі салықты – көлік және заңды тұлғалардан жер салығын алу құқын беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуетін күшейту.
Екінші сатыда (2018 жылдан бастап):
– аудан мәслихаты бекіткен жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін сатылап қалыптастыру;
– әкімнің аудандық мәслихатқа бекіту үшін енгізген жергілікті қоғамдастық бюджетінің жобасын Жиналыстың келісуі және олардың орындалуы туралы есепті мәслихатқа ұсыну үшін қолдау;
– жергілікті қоғамдастықтың коммуналдық меншікті басқару мәселелері;
– бюджетті тұрғындары 2 мың адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін ғана енгізу және оны аудандық мәслихаттың бекітуі;
– «Жергілікті өзін-өзі басқару коммуналдық меншігі» институтын енгізу;
– олардың әлеуетін ұлғайту мақсатында селолық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірлікті нығайту мәселесін әзірлеу.
Үшінші сатыда (2020 жылдан) төмендегілер қарастырылады:
– жергілікті өзін өзі басқарудың өкілді органын құру;
– халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу;
– қоғамдық маңызды мәселелерді қамтитын жергілікті бюджеттердің жобалары бойынша азаматтардың ұсыныстарын қарау ресімдерін енгізу.
Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттырады және жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға жағдай жасайды.
 
Ұлт жоспары – қазақстанды кең ауқымды Жаңғырту жобасы
Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталды. Ол Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақылауымен жүретін болады.
Барлық мемлекеттік органдардан, қоғамдық институттар мен азаматтардан іс-қимылдың үйлесімділігі, табандылық, креативтілік және қажырлылық талап етіледі.
Бізге үлкен жолдан өтуге тура келеді, ол бойынша біз қазір алғашқы 100 қадамды жасаудамыз.
Басқа қадамдар да болады, мен оған айна-қатесіз сенімдімін.
Эволюциялылық және тұтастай қамтушылық – ширек ғасырлық мерейтойына қадам басып, біздің Тәуелсіздігіміздің тарихын алға бастырып отырған жаңғырту үдерісінің басты қағидаты да осы.
Біздің бәріміз жаңғыртудың тек қуатты мемлекет пен Ұлттың топтасқандығы жағдайында ғана табысты болатынын естен шығармауға тиіспіз. Ол тәртіпке бастауы тиіс.
Біріншіден, мемлекеттегі тәртіпке.
Екіншіден, барша үшін де міндетті заңдардың қаріпінде бейнеленген бизнестегі барша үшін мөлдір және міндетті ережелерді орнатуға.
Үшіншіден, қоғамдық және саяси өмірдегі тәртіп пен келісімге.
Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала Елін құрдық.
Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз.
Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз.
Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз.
Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып, әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кем де кем.
Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз.               
Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.
Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓