Велошеру: Алатаудан Тобылға дейін…
Қазақстандық белгілі велосаяхатшы Дамир Көшеев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі құрметіне тағы да велотрипке шықты. Жаңа сапары аясында ол бүгін Әулиекөл тас жолы арқылы Қостанай қаласына келді. Алатаудан астықты өлкеге дейін 36 күн жол жүріп келген велошерушіні қостанайлықтар сый-құрметпен күтіп алып, ыстық шаймен бойын, ыстық лебіздерімен көңілін жылытты.
Естеріңізде болса, Д.Көшеев өткен жылдың жаз мезгілінде туған бауыры екеуі Алматыдан Семейге дейін 1200 шақырым жаяу жүріп барған болатын. "Абайға апарар жол" аталған сапарларының мақсаты ұлы ақынның туған топырағына тағзым ету еді. Сол жылы қазан айында Дамир Алматыдан Ақтөбеге дейін велошеруге шығып, 24 күнде 2200 шақырым мен 5 облысты артқа тастады. Ал биыл жазда велосаяхатшы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстаннан Түркияға велошерумен барып қайтты. Ол кезде 5 апта жол жүріп, 3 мыңнан астам шақырымды еңсерген.
Осы жолғы велосаяхатын да егемендік тойына арнап отыр.
"Қостанай – күзгі велошеруім аясында аялдап отырған бесінші облыс. Қара жол үстінде келе жатқаныма бүгін 36 күн. Егер ауа райы жақсы болса, сапарымды одан әрі жалғастырып, Ақтөбені бетке алу жоспарда бар. Ал егер бүгінгідей аяз білінсе, саяхатымды осы Тобыл өңірінде аяқтауға мәжбүрмін. Негізі, мен жолға шыққан күннен бастап, ауа температурасы қолайлы болды, тек бүгін ғана тоңазыдым. Шындығын айтқанда, ауырлық сезіндім. Дегенмен, діттеген нүктеге жеткенше қарқынды бәсеңдеткенім жоқ. Ыстық ықыласпен күтіп алған қостанайлықтарға алғысым шексіз", – дейді 35 жастағы велошеруші.
Ол кәсіби спортшы емес, арнайы ұзақ мерзімді дайындығы жоқ. Сөйте тұра, кез келген кәнігі спортшы бел буа бермес тәуекелге барып жүр. Өзінің айтуынша, оны қолпаштап, бастамасына қолдау білдіріп отыратын ағайынның ақ пейілі жігерлендіреді.
"Қазақ елінің халқы ақкөңіл, қонақжай ғой. Елеусіз қалдырмей, уақытын бөліп, ас-ауқатын беріп, төрін ұсынып жылындырып, сапарымды ары қарай жалғастыруға күш-жігер сыйлайды. Айтқандай, кеше бір жайсаң кісі менің жолда келе жатқанымды әлеуметтік желіден көріп-біліп, жолға шығып, тоңып-жаурап жолымды күтіп тұрыпты. Алдымнан құшақ жая шығып, құдайы қонақ етіп, үйіне шақырды. Осындай дархан көңілді жандарға қалай ғана разы болмайсыз?!" – дейді Д.Көшеев.
"Жалпы, бұл саяхатты Тәуелсіздік мерекесіне арнап қана қоймай, еліміздегі туризмді насихат етуді мақсат еттім. Сондай-ақ, әр облыстағы елді мекендердің жай-күйімен танысуды да ойға алдым. Теледидарда барлығы жақсы делініп жатқанымен, шын мәнінде, көптеген елді мекендегі жағдайдың мүлдем басқаша екеніне көзің жетеді. Мінекей, солардың бәрін таспалап, әлеуметтік желілер арқылы қалың қауыммен бөлісу үлкен жоспарымның маңызды бір бөлігі болды", – деді кейінірек БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген мейман.
Дамирдің бір ұл, бір қызы бар. Ұзақ да тәуекелді сапарға шыққан әкелерін үйлерінде тағатсыздана күтіп отыр. Оның үстіне, бүгін, 16 қарашада жұбайының туған күні екен. Бірақ саяхатшы алған бетінен қайтайын деп отырған жоқ. Әрине, табиғат тосын мінез танытпаса…
Тәжірибелі велошеруші Алла сәтін салса алдағы жылы да атаулы оқиғаларға орай ұзақ қашықтықты велосапарларға шығуды жоспарға алып отыр.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков