Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы
Есігімізден еніп, төрімізден орын алатын Жаңа жыл жер бетіндегі барша адамдар үшін ортақ мереке, әсіресе, оның балалар өмірінде алар орны айрықша. Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте “Төрлет, төрле, жаңа жыл” атты аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин, аудандық мәслихаттың хатшысы Серік Нұрғазин, аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметов мерекелі кештің құрметті қонақтары болды. Іс-шара кішкентай бүлдіршіндер үшін өте қызықты және есте қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылған. Аудан әкімінің мерекелік шыршасына әлеуметтік жағдайлары аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары қатысты. Келер жаңа жыл мерекесіне орай аудан әкімі Асқарбек Ахметбекұлы сөз алып, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
-Бұл мереке тек балалардың ғана мерекесі емес, үлкендер де оны ерекше үмітпен, жаңа жаңалықтарымен күтері сөзсіз. Әрбір адам алдағы жылы бәрі өзгеше боларына іштей сенеді. Жоспарлары мен армандарын тоғыстырып, жаңа ықыласпен, игі тілектерімен жаңа жылға қадам басады. Құрметті ата-аналар мен ұстаздар, балаларды күтіңіздер, жақсы көріңіздер. Өйткені олар біздің ертеңіміз. Баршаңызға денсаулық пен бақыт, оқуда озаттар қатарында болып, өмірде аңсаған армандарына жетіп, ертеңгі еліміздің еңсесін тіктей түсуге сүбелі үлес қосуларыңызға тілектеспін, – дей келе аудан басшысы балаларға арнайы жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады.
“Биылғы жаңа жыл мен үшін тосын сыйға толы болады деп ойлаймын. Аудан әкімінің шыршасына қатысудың өзі үлкен мәртебе, зор қуаныш. Жанып тұрған жасыл шыршаны айнала билегенде қуанышым кеудеме сыймай кетті. Қос Аяз атаның көрінісі ертегі әлемінде жүргендей әсер берді. Осындай біз тамашалаған мерекені барлық балалар да көрсе екен деймін. Сахнадағы қыстың бейнесі, кейіпкерлердің барлығы шынайы секілді болды. аудан әкімінің қолынан сыйлық алған сәтте өзімді сондай бақытты сезіндім. Жарқын да қуанышқа толы шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз”, – дейді Қ.Қойдосов орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қызылгүл Талғатқызы.
Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балаларға мерекелік дастархан жайылды. Мерекелік кештің соңы от шашумен аяқталды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы
Байбатыр Ахметбеков тілшіміз Ш.Уәлиханов мектебінде болған әкім шыршасында құрметті қонағы болып,кетерінде баланың тірлігін жасап әйбат көріну үшін ілінген плакатты түсіріп,орысша жазылғанын меңзеп,облыс орталығында шығатын газетке жіберіп, елді шулатып алып,енді мына мақаланы жібергеніне жол болсын.ХХғ.бас.ақтар мен қызылдардың образын сомдап жүрген сабаз тілші жарайсын…