Шұғайып СЕЗІМХАН: “Айтысқа дайындықпен шығу – жауапкершілік”

Қостанай қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай "Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың!" атты республикалық айтыс өткені баршаға мәлім. Дүлдүлдер додасында бас бәйгені дарынды ақын  Шұғайып Сезімхан қанжығасына байлаған еді. Жеңімпазды сұқбатқа тарттық.
– Шұғайып, жеңісіңіз құтты болсын! Жалпы, осы айтыстың деңгейі, мән-мазмұны туралы қандай пікір айтасыз?
Аламанға арқау болған Тәуелсіздік те, ұлы ағатушы Ыбырай атамыздың мерейтойы да ұлы тақырыптар ғой. Кешегі бабаларымыздың қаны, көз жасы, маңдай тері сіңген, аттан түспей, тақымы кеппей жүріп, ұрпаққа аманат еткен азаттық – мәңгі мадақ қылуға лайық құндылық. Сондай-ақ, ұлттың ұлы ұстазы, дала қоңырауы Ыбырай атамыз тұтас қазақтың мақтанышы. Ақындар осы тақырыптарды өз деңгейінде жырлады. Өз басым, айтысқа дейін ұлы ағартушы туралы білімімді толықтырып, кеңірек ізденіп, небір деректерді қарап, архивтерді ақтарып, көптеген кітап оқып, біраз дайындалдым. Сондықтан осы айтыстың басты олжасы – жүлдеден бөлек, Ыбырайды тереңірек тануға, көбірек білуге зор мүмкіндіктің туғаны. 
–  Сіз Жүрсіннің жүйріктерінің қатарындасыз. Ол кісінің анау-мынау ақынға ықыласы ауа бермейтінін жақсы білеміз. Ең алғаш Жүрсін ағамыздың назарына іліккен айтысыңызды есіңізге түсіріп көріңізші…
 – 2015 жылы Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курсында оқып жүрген кезім еді. Сол қаладағы қазақ айтыс өнерінің арыстаны, ұстазым Бекарыс Шойбеков ағамыздың себеп болуымен Алматыға Жүрсін Ерман ағаны іздеп келіп жолықтым. "Аға, Шұғайып Сезімханұлы деген жас ақын боламын. Сіздің жүйріктеріңіздің қатарына қосылғым келеді" дедім сәлем-сауқаттан соң. Жүрсін ағамыз кез келген айтысқа жас ақындарды қосардан бұрын жан-жақты сынап көреді. Бұл кісі енді айтыс өнерінің Күреңбайы ғой. Мақамын тыңдайды, суырыпсалмалық қабілетін салмақтайды. Білім деңгейін, оқыған кітаптарын сұрайды. Сөйтіп, әңгімелесе келіп, ағамыз маған жақын уақытта елорда күніне орай "Хан Шатырдың" қасында, көшеде, ашық аспан астында өтетін республикалық айтысқа қатысуға жолдама берді. Бірақ қатаң талап қойды. "Көшеде өтетін айтыста шешіліп, көшелі елге көшелі өлең айта алмасаң, көшеде қаласың. Ал жарқырап көрінсең, ары қарай үлкен айтыстарға шығасың" деді. Жүрсін ағаға ұнау үшін барынша дайындалдым, мейлінше іздендім. Сөйтіп, сол айтыстың 2 айналымында өнер көрсеттім. Екі айналымда да бірыңғай ондық баға алып, қазының да, халықтың да көңілінен шықтым. Содан кейін сол жылы күзде Жүрсін ағам мені Алматыдағы кітап мұражайына ғылыми қызметкер қылып жұмысқа қабылдады. Ол кезде өзі сол мекеменің директоры-тұғын. Бірақ маған: "Саған үлкен айтыстарға қатысуға әлі ерте. Көп ізденуің керек. Дайындығыңды маған келіп тексертіп отыр. Айтысқа дайын болған уақытыңда үлкен аламандарға қосамын", – деді. Мен домбырамды арқалап келіп, Жүрсін Ерманға күнде өлең айтамын. "Осылай айтсам? Былай десем ше?" деп, қолдан келгенін алдына жайып саламын. Оным Жүрсін ағаға ұнай бермейді.  Бір күні: "Сен мақамыңды өзгерт. Батыстың мақамдарымен, түрлі әуендермен құбылтып айтыс" деп бір ақылын айтты. Содан батыстың мақамдарымен, төкпелерімен дайындалып келіп ем, ағамыздың көңілі жібіп: "Әй, сен бала тіріліп келе жатырсың ғой" деді. "Жүрсін аға, мен тірі едім, өліп бара жатырмын" дедім мен. Сөйтіп, ол кісі мені Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған "Мың жасаған шаһар" атты халықаралық ақындар айтысына қосты. Сол айтыста қырғыздың шоң ақыны Азамат Болғанбаев деген шайырмен сөз-сайысқа түстім. Содан бері қарай Жүрсіннің жүйріктері қатарында өнер көрсетіп келе жатырмын.    
– Айтыс сахнасында жүргеніңізге бірталай уақыт өтті. Қалың көпшілікке есіміңіз танылып та үлгерді. Бірақ, өткенде Жүрсін ағамыз айтқандай, бұл сіз алып отырған алғашқы бас бәйге ме? Жалпы, шығармашылығыңыздағы қандай елеулі марапаттарды айта кете аласыз?
– Бұл мен алып отырған алғашқы бас бәйге емес. Айтыстан мінген тұңғыш темір тұлпарым. Алғашқы бас бәйгені 2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен "Наркескен-тілмен жыр етем, Мәңгілік елдің мұратын" атты үлкен республикалық ақындар айтысында иеленгенмін. Қазақтың  маңдайына біткен марғасқалар, айтыс өнерінің жарық жұлдыздары Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Мұқтар Ниязов қатарлы азулы ақындар қатысқан аламанда атым озған еді. Бірақ, айырмашылығы, ол кезде ақшалай жүлде берді. Одан кейін Тараз қаласында Жамбыл атамызға арналып өткізілген айтыста жүлделі болдым. Шымкент қаласындағы додадан да қанжыға майлап қайттым. Ақсуат қаласында өткен бәйгеде "Ақсуат айтысының тұңғыш стипендия иегері" атандым. Нұр-Сұлтан қаласында Мәдениет министрлігі ұйымдастырған айтыстың жүлдегері болдым. Қостанай қаласында бұған дейін өткен айтыстарда да үздіктер қатарынан көріндім. Бірақ қазақ білімінің атасы Ыбырай Алтынсарин атамыздың180 жылдығына арналған айтыстың бас бәйгесі – автокөлік – алғаш рет тақымдап отырған темір тұлпарым. Мұны әкеме сыйға тарттым.
– Басқа айтыстардағы секілді осы жолғы аламанда да көп мәселе көтерілді. Ұрымтал ойлар, ұтымды ұсыныстар айтылды. Жалпы, ақындар қай кезде де түрлі түйткілдерді жетер жеріне жеткізіп айтып, оған халық ерекше разы болып, дүркіретіп қол соғып жатады. Дегенмен, соның бәрі айтылған жерінде қалып қойып жатқан жоқ па? Кезінде "Қонысбай, Әсиялар айтыс ұйымдастырған аймақтың қисық-кемін сөзге қосса, күн өтпей жөнделеді" деген әңгімелер жүруші еді ел ішінде… Қазір ақын аузының дуасы жоқ па, әлде есті сөзді естігенімен, елеп-ескермейтіндер көбейді ме?
– Сіз атын айтып отырған қазақтың халық ақындары Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова сияқты аға-апаларымыздың орны бөлек. Себебі бұл кісілер кешегі қансырап бара жатқан өнерімізге өздерінің қанын құйып, бізге жеткізді. Кешегі қылышынан қан тамған уақытта халықтың мұң-мұқтажын, ұлт мүддесін көтерді. Тіл, дін, діл мәселесін ашынып айтып, қорықпай жеткізе білді. Бұл тұлғалар сонысымен ерекше. Ол уақытта айтыс ақындары ғана емес, журналистер жазған, көтерген әрбір мәселе дер шағында шешімін тауып отырды деседі көзкөргендер. Одан кейінгі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да көптеген кемшін тұстар, айтыста айтылған мәселелер шешімін тауып отырды. Мысалы, кеңес үкіметінен қалып қойған, идеологиялық тұрғыда ескірген көше атаулары, ескі мүсіндер құлап, орнына қазақтың рухын көтерген зилылардың ескерткіштерінің бой көтеруіне осы айтыстың да себепкер болғаны сөзсіз. Одан кейін, Жүрсін ағамыз мынадай бір анық мысал айтады: Абай ауданына баратын жол жоқ екен. Соны әлдебір айтыста бір ақын "Абай жолын жазғаннан Абай ауданына баратын жолды салу қиын болды" деген сыңайдағы ойын бипаздап өріп әкеліп жеткізген екен. Көп уақыт өтпей, іле-шала сол ауданға әдемілеп асфальт жол салынған деседі. Көзіміз көрген тағы бір анық мысалды қоса кетейін. Алматы қаласындағы "Алатау дәстүрлі өнері" деген театр бар. Бүгінде қазақ өнерінің ұйытқы шаңырағына айналды. Сол театрдың ашылуына айтыста айтылған ұсыныстар түрткі болған еді. Қаланың сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек мырза театрды ашып беруге уәде беріп, ойдағыша іске асқан болатын. Сол театрдың ашылғанына да, міне, 5 жыл жылдай уақыт болып қалды. Қызу жұмыс істеп жатыр. Ал, енді, дәл қазіргі таңда айтыста айтылған мәселелер жаппай орындалып жатыр деу өтірік болатын шығар. Себебі ақын сөзін елейтін шенеуніктер де санаулы қалды. Ақыннан бөлек, журналистердің айтып-жазып жатқан мәселелерінің де шешім тауып жатқаны шамалы. Дегенмен, айтыста ақындар атын атап, түсін түстеп тұрып сынаған кейбір шенеуніктер айтыстан кейін өздерінің реніштерін білдіріп жатады. Соған қарағанда мінбеде отырғандар айтысқа құлақ түруден қалды деп айтуға асықпау керек секілді. Қайткенмен, ақындар халықтың ойындағысын, тіліндегісін әсемдеп, әсерлі етіп жеткізіп, қоғамдық пікірдің тууына, жинақы көзқарастың қалыптасуына ықпал жасайды емес пе. Ал, енді, ақынның айтқанының бәрі орындала беретін болса, бүгінгі таңда бейшара күйде жүрген тіліміз, қазақ тілі гүлденіп кетер еді ғой, дүдамалы көбейіп, сан саққа шашырап жатқан дініміз де қалыпқа келер еді, аңқасы кепкен ауылдарға әлдеқашан ауызсу тартылатын еді, халықты тонап, шетелге қашып жатқан жемқорлардың жегендері желкелерінен шығатын еді. Бұлардың барлығы айтыста айтылмай жатыр ма? Айтылғанда қандай, жер-жебіріне жетіп, жырлана-жырлана жауыры шыққан.
– Көптің көкейіндегі бір сауалды сізге қойып көрейінші. Соңғы уақытта ел ішінде "айтыс қойылымнан бетер болып кетті, бүкіл жұп алдын ала келісіп алып айтысады, сахнада мүдірмей шапқанда, шын суырыпсалма мен жаттанды ақынды айыру мүмкін емес. Көзбояуы көп болып кетті" деген әңгімелер көбейіп барады. Осыған қатысты қандай пікір айтар едіңіз? Бұл рас па? Рас болса, қалыпты құбылыс па?
-Бұл күдік, елдің ішіндегі әңгіме біз айтысқа шыққанға дейін де бар еді. Кейін осыдан бірнеше жыл бұрын елсімдері елге белгілі бірнеше айтыскер ақын Қазақстанның өңір-өңірін аралап, концерттерін, шығармашылық кештерін берді. Сонда бір қаладағы айтқан сөздерін қойылым сияқты келесі қалада бір әрпін қисайтпай, тура сол күйінде қайталап берген. Енді қазіргідей әлеуметтік желі дамыған уақытта ол кеңінен тарайды, оны бүкіл халық көреді. Содан жұрттың күдігі тіптен өрши түсті. Ал осы көпшіліктің күдігін сейілту мақсатында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы біраз айтысты жеребе арқылы өткізді. Мысалы, жақында ғана Алматыда өткен, бір жылға созылған, 48 ақын қатысқан "Асыл домбыра" атты республикалық айтыста жеребе тарту тәсілі қолданылды. Ақындар соңғы қатысушы қалғанға дейін халықтың көз алдында жұпталды. Лототронға ақындардың аты салынып, араластырылып, сол жерде екі ақынның атын алып шығу халықтың еркіне берілді. Одан кейін елордада, Ақтөбеде, Маңғыстауда өткен айтыстарда үміткерлер жұбымен жеребе арқылы танысып жатты. Сол жерде де ақындар тосылып қалмай, шаппа-шап жауап беріп, ауызба-ауыз уәждесіп, табан астында қайымдасып, тамаша, тартысты айтыстар көрсетті. Мұның сыртында, Қырғызстанда жыл сайын өтетін халықаралық айтыстарда да жеребе тартылады емес пе. Біздің Қазақстаннан барған ақындар қырғыздардан кем түспей, тіпті солардан бәсі биіктеп, жүлделі орындар алып келіп жатыр… Жалпы, өзім айтысқа дайындалуды жауапкершілік деп түсінемін. Мысалы, кешегі Арқадан Жетісуға Сараны іздеп келген Біржан сал Сараға дайындықсыз келді деп айта алмаймыз. Сараның руын, оның күйеуін, басындағы тағдырын – бәрі-бәрін зертеп, іштей әзірлікпен келді. Ол аз десеңіз, Қырғызға барып Қатағанмен айтысқан Сүйінбай атамыз қазақтың бүкіл руларын, олардан шыққан батырларды, би-шешендерін жіпке тізген маржандай қылып тұрып айтып береді. Сол кезде де Сүйінбай атамыз қарсыласына дайындықсыз барды дей алмайсыз. Одан бөлек, мынау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мэлс Қосымбаев, Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов, Аманжол Әлтаев сынды ағаларымыз айтысып жүрген уақытта да дайындықпен, орысшалағанда "заготовкамен" шығу деген болды. Бірақ сол кезде оларды халық түсіністікпен қабылдайтын еді. Ал бүгінгі таңда бір ақын бір жерде айтқан сөзін келесіде аңдаусыз қайталап қалып жатса, соны жұрттың көбі жерден алып жерге салуға дайын тұрады. "Бұл айтыс қойылым болып кетті, бұл жаттап алады екен, келісіп қояды екен" деген әңгімелердің айтылып жүргені рас. Бірақ, соған қарамастан, бүгінгі таңда Қазақстанда айтысып жүрген 150 ақынның барлығының суырыпсалма қабілеті бар екеніне шүбә жоқ. Отырған жерінде қолдарына домбыра беріп, "суырып салып өлең айт" десеңіз, келістіріп, кестелеп өлең құрауға солардың кез келгені дайын.
– Әңгіме желісін қайтадан өзіңізге бұрсақ. Сіздің әкеңіз де айтыскер болған кісі екен. Демек, бойыңыздағы қабілет қанмен берілген қасиет десек қателеспейміз ғой?
– Ия. Әкем Сехімхан Жарытқанұлы туған жерімізде, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында танымал айтыскер болды. Ұлт өнерінің қазанында қайнап, талай сайыста қанжығасын майлап жүрді. Ақындықтағы алғашқы ұстазым да сол кісі деуіме болады. Бірақ нағашыларым да қаражаяу емес. Үлкен айтыстарға шықпаса да отырыс-жиындардың сәнін кіргізіп, 2-3 ауыз өлеңді суырып салып айтатын қабілетке ие-тін. Отбасында 11 ағайындымыз. Мен үйдің тоғызыншы баласымын. Кішкентай кезімде ағайындылар ішіндегі ақындығы ең нашары мен едім. Саясат деген ағам қара өлеңді отырған жерінде суырып салып, бұрқыратып шығара беретін. Аманбек, Парасат деген ағаларымның өлеңдері де ешкімнен кем болмаушы еді. Бірақ бұл кісілердің барлығы басқа салаға бағыт бұрды. Өзім журналистиканы оқыдым. Әдебиетке жақын жүрдім. Араласқан ортам да кілең әдебиет төңірегіндегі адамдар болды. Сөйтіп жүріп, құдай оңдап, үлкен айтысқа жолым түсті.
-Ата-ана, ағайын-туыстарыңыз қай жылдары атамекенге ат басын бұрды?
– 90-шы жылдары әулетімізде ең бірінші болып Өрнек деген әпкем Қостанайға келді. Осында оқып, жергілікті азаматпен тұрмыс құрды. Кейін ағаларым да Қостанай өңірін таңдап, 2004-2005 жылдары көшіп келді. Әке-шешем 2017 жылға дейін Моңғолияда тұрды. Бәрімізді аяқтандырып, зейнетке шыққаннан соң атажұртта барлығымыздың басымызды қосу мұратымен осыдан 4 жыл бұрын Қостанай ауданына қарасты Мәскеу ауылына келіп қоныстанды. Негізі, Тобыл-Торғай топырағына қарыздармыз! Осында өсіп-өркендеп жатырмыз. Ешкім өзегімізден тепкен жоқ, құшақ жая қарсы алды. Несібеміз осы мекеннен бұйырып, небір игілік-жақсылықтарға куә болып, той-томалақтарда жиі қауыштық. Шаттығымыз шаттыққа ұласты. Ал өзім Алматыда тұрамын. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының атқарушы директоры болып қызмет етемін. Дегенмен, осындағы қарашаңырағыма жиі келіп тұрамын… Ұлылардың мекеніне, кешегі алаш зиялыларын түлеткен топыраққа басымызды иіп, алғысымызды айтамыз!
 – Сұқбатыңызға көптен-көп рахмет!
 
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓