Өнерпаздар марапатталды
29 желтоқсанда Қостанай қаласында облыстың үздік мәдениет және өнер қызметкерлері, шығармашылық ұжым жетекшілері дәстүрлі «Тобыл-Торғай таланттары» рәсімінде марапаттады. Бұл туралы ocsnt.kz сайты жазады.
Іс-шара облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы ұйымдастырумен өтті.Қостанай облысында биыл да кең ауқымды жобалар, байқаулар өтті. Атқарылған істер жайында облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әзімжанова баяндап берді.
Биыл «Дала Fest Qostanai» шығармашылық марафоны қолға алынып, жаз бойы қалалықтарға көңіл-күй сыйлады. Оған өңірдің қала мен аудандарынан келген өнерпаздар қатысып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Бүгінгі «Дала Fest Qostanai» шығармашылық марафонына қатысып, көрігін қыздырған қалалық, аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары марапатталды. Сонымен қатар шығармашылық марафонына қатысқан жеке ұжымдар мен өнерпаздар да өз бағаларын алып, марапатқа ие болды. Бір адам өнер көрсетіп жатса да сахна сыртында көптеген адам сол концерттің жоғары деңгейде өтуіне еңбек етеді. Осы шараның өтуіне үлестерін қосқан «САЯБАҚ-2018» атқарушы директоры мен саябақтың дыбыс операторы марапатталды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған төс белгі бірнеше азаматтарға табысталды.
Еліміздің талантты жастары тек Қостанай облысында ғана емес, халқаралық байқауларда да үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындармен бізді қуантып келеді. Бүгінгі шарада республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары да марапатталды.Іс-шара барысында өңіріміздің талантты әншілері ән айтып, бишілері мың бұрала би биледі.