Бас имам білімін жетілдірді
Жыл сайын Қазақстан және Түркия мұсылмандары діни басқармаларының дін саласындағы ортақ әріптестік қарым-қатынас нығайып келеді. Соның нәтижесінде бауырлас елге барып, діни білімдерін жетілдіріп келіп жатқандар елімізде жетерлік.
Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Қазақстанның 26 дін қызметкері сонау Стамбулға ұшып, білімдерін ұштап қайтты. Солардың арасында Сарыкөл ауданы «Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық та болды.
Жалпы, бас имам Бурса орталығында болып, озық ойлы, ұқшыр білімді дін ғалымдарынан сабақ алды. Оның айтуынша, бұл білім беру ғимараты 2004 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Сол уақыттан бері 15 елдің дін қызметкерлері келіп білімдерін шындаған. Дәріс берушілер қари, яғни құранды жаттап алған ұстаздар. Бурса үйрету орталығында ақида, фиқһ, құранды жүзінен оқу, тажуид, мақам ілімі, имамдық уазинасы, хадис негіздері, құран оқу мәнері пәндерінен және Абу Ханифа Рахматуллаһ ғалайһтің «фиқһул акбар» кітабынан дәріс алды. Сондай-ақ, Халықаралық дәрежеде танымал құран қари «Мехмет Эмин-Ай» Бурсаның муфтиінің сабағына қатысып, аптасына бір рет жергілікті қоғам қайраткерлері және ақындармен кездесті.
– Алдымен, ҚМДБ-да арнайы жиын өткізіп, бізді шығарып салды. Сосын Астанадан Станбулға ұштық. Тура екі ай тарихы тым терең, патша мен сұлтандар қаласы атанған, Осман империясының алғашқы астанасы – Бурсада білімімізді жетілдірдік. Қызмет ісін үйрету деп аталатын орталықта дәріс алдық.
Бәрі де көңілімнен шықты. Оқу ғимараты ең соңғы үлгідегі техналогиялық жабдықтармен жабдықталған. Тамағы жақсы, жатар орын жайлы болды, – дейді бас имам Дәулетбай қажы Махмутұлы.
Міне, осылайша білімін жетілдіріп, ерекше әсер алып қайтқан бас имам өңірдегі өз жұмысына кірісіп те кетті.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.