Мақсат – кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту
Облыстық кәсіпкерлер Палатасы бизнесмендерге 2,3 млрд.теңге сақтап қалуға көмектесті. Бұл туралы ұйым төрағасы Мұрат Әбенов өтіп бара жатқан жылдың 11 айына жасаған қорытындысында мәлімдеді.
Оның сөзінше, есепті кезең ішінде Палатаға заңды құқықтары бұзылған 136 кәсіпкер шағымданған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге көп. Толғағы жеткен алпыс үш мәселе өнім өндірушілердің пайдасына шешіліпті, ал он төрт іске сот араласқан.
«Өткен жылмен салыстырғанда биыл салық салу мәселесі бойынша түскен шағымдар төрт есеге өскені байқалады. Облыстың бизнес өкілдері салықты заңсыз төлету, өсімпұл, негізсіз айыппұлдар салу, жалған кәсіпкерлікке қатысты проблемалармен сан рет соқтығысқан. Өткен қараша айында ғана ҚҚС ( қосымша құн салығы) бойынша уақытылы есепке тұрмаған кәсіпкерге 4 млн.теңге айыппұл салынды. Бұл біздің араласуымыздан кейін ғана Жоғарғы сотта қаралып, шешім өзгертілді,-деп атап өтті Мұрат Әбенов.
Үстіміздегі жылы жүк тасымалдаушы кәсіпорындарға да бірнеше млн.теңгелік айыппұл салынып, әбден тауы шағылған кәсіпкерлер ең бірінші Палатаға шағымданды. Кейін анықталғандай, автоматтандырылған бақылау жүйесінде көліктерді өлшейтін таразы жүкті асырып көрсеткен. Сот салынған айыппұлды заңсыз деп тауып, бүкіл еліміздегі бақылау жүйесін кемшіліктерді жойғанша жапқызып тастады.
«Жазды күні транспорт инспекциясының қызметкерлері ресейлік «Агрофирма Адель» компаниясына тиесілі астық тиелген екі жүк көлігін заңсыз тоқтатып, айып тұрағына қойған. Жағдайды жіті тексерген Палата өкілдері жүкті иелеріне қайтару жөнінде ресми хат жолдады. Өйткені, астық қазақстандық фирмаға сатылуға тиіс, егер кешіктірілсе, өнім сапасын жоғалтуы әбден мүмкін. Алайда, аталған талапқа транспорт инспекциясы назар аудармаған, соның салдарынан астық жарамсыз боп қалды. Бұл үшін инспекцияның лауазымды тұлғалары түгел жауапқа тартылды,-дейді облыстық Палата директоры.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша, көпшілік жағдайда, нашар қызмет көрсететін кәсіпкерлер деп тану фактісіне қатысты шағымдар 2014 жылға қарағанда екі есеге көп түстіпті. Сондай-ақ, жер телімдерін бөлу, жалға беру мерзімін шектеу немесе жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелерінде де заңды белден басушылық басым.
Палата бизнес-ортаны қалыптастыруда және әкімшілік кедергілерді жоюда негізгі рөл атқара білді. Ағымдағы жылы сарапшылар осындай 69 істі анықтап, соның 42-сі дер кезінде қалпына келтірілді.Жалпы, эксперттік қызметтің аясында 3000-нан астам орта деңгейлі нормативтік-құқықтық актілер қаралған. Өңірлік ҮЕҰ жобаларының 117-іне тұжырым жасалып, оның 12-сіне нақты ескертулер жасалыпты.
-Мәселен, Қостанай қалалық әкімдігінің « Коммуналдық қалдықтардың пайда болуы мен жиналып қалу нормасын бекіту туралы» жобасына негізсіз қорытынды берілген. Бұл кәсіпкерлерге тарифті көтеруге мүмкіндік бермейді. Ал жобада қалдықтарды көму 2014 жылға қарағанда екі есе көп мөлшерде қарастырылған. Мұндай жағдай ірі өндірістік қалалардағыдан жоғары көрсеткіш,-дейді Мұрат Әбенов.
Үстіміздегі жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесінде кәсіпкерлер мен Таран,Қарабалық аудандары әкімдіктерінің арасында түсінбеушіліктер туындады.
Бұл екі жағдайда да жеке кәсіпкерлердің заңды құқығын қасақана бұза тұрып, калдықтарды шығаруға тек мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындармен келісім-шарт жасалған. Сотта Палата сарапшылары бәсекелестікті қорғау жөніндегі департаментпен бірлесіп Таран ауданындағы жағдайды толық дәлелдеп берді, ал Қарабалық ауданына кемшіліктерді жою ескертілді.
Мұрат Әбеновтың айтуынша, процесте кәсіпкерлік қоғамдастықтарының пікірлерін ескеруде Палата өкілдері 33 консультативтік-кеңестік органдардың құрамына енген. Мұндағы ең басты мақсат- кәсіпкерліктің кем дегенде 50%-тін аталған органға қатысуды қамтамасыз ету.
Айбек КӘДІРҰЛЫ