“Мен сыйға тартқан орамал”

        Қостанайға 15-желтоқсан күні назды әндеріменен халық көңілінен ерекше орын алып жүрген жұлдызы жарық әнші Роза Әлқожа қонаққа келген болатын.  Жария ете қоймаған жаңалығы бар әнші қызымызды концерттен соң сұхбатқа тарттық.роза ал
  • Қостанай қаласына концерттік бағдарламамен екінші рет келіп отыр екенсіз. Қош келдіңіз! Бүгінгі өткен концерт көңіліңізден шықты ма?
  • Иә, Қостанай қаласына жеке концерттік бағдарламамен былтыр бірінші рет келген болатынмын. Ал бүгін қалаға екінші рет Заттыбек Көпбосынұлы ағамыздың кешінің қонағы ретінде келіп отырмын. Бүгінгі концертке жиналған халықтың қарасы, Қостанай халқының көрсетіп жатқан ықыласы, шыны керек, мерейімізді өсіріп жібергендей ерекше сезімде отырмын деп айта аламын.     
  • Затттыбек Көпбосынұлымен Республиканың барлық аймақтарына концерт қоймақсыздар ма?
  • Жоқ, тек қана Павлодар, Екібастұз, Қостанай қалаларының сұрауы бойынша гастрольде боламыз.
  • Қарашаның отызы күні ініңіз Әбдіжаппар Әлқожа қаламызға келіп, өзінің жеке шығармашылық концертін өткізген болатын.  Неліктен бірлесе концерт қоймадыңыздар?
  • Әбдіжаппар 2005 жылы қолыма келген болатын. Қазір 2015 жыл. Қолымда жүргеніне он жыл, ал гастрольдік сапарларда өзіммен бірге алып жүргеніме бес жыл болыпты. Жақында ғана Алматы қаласында бірге жеке шығармашылық кешімізді өткізген болатынбыз. Енді екеуміз екі жақты жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені, ол өзінше тұлға болып қалыптасты деп ойлаймын. 
  • Алматы қаласында «Мен сыйға тартқан орамал» атты дүкеніңіз ашылғанын естідік. Құтты болсын дейміз. Дүкеннің ашылуы және оның атауы жайында толығырақ айта кетсеңіз.
  • Өнер мәңгілік емес болғасын, қазір көбісінің жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргендеріне қарап, өзімнің жеке кәсібімді ашсам деген ой келді. Ал оған дейін «Неге қазақтың мұсылман қыздарының қазақы хиджабтары болмайды? Немесе заманауи киімдерде неге қазақы үйлесімді ою-өрнектер болмайды?» деген сияқты ойлар да болып жүрген еді. «Мен сыйға тартқан орамал» атты әнменен елге танылғаннан кейін көп аймақтағы үлкен апа-әжелеріміз  «Орамалды  айтатын қыз» деп есімімді көбіне орамалмен байланыстырып жатады. Бұл дүкенді осы жағдайларға және осындай ойларға байланысты ашылған дүкен деп айтуымызға болады. Дүкеннің ашылғанына екі-үш айдай уақыт болып қалды.
  • Дүкен жұмысының қазіргі қарқыны қалай жүріп жатыр?
  • Аллаға шүкір, ниетімізге қарай, бастамасы жаман басталып жатқан жоқ сияқты. Дүкенге келген өзімнің тыңдармандарыма жеңілдік жасап немесе кей орамалдарды сыйға тарту етіп жатамын. Болашақта бұл жұмыс та қалыпты түрде өз жалғасын таба береді деген ниеттемін.
  • Алғашқы кәсіптік жұмысыңызға табыс тілейміз. Ал қазіргі жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
  • Жеке шығармашылығымда жаңа әндер жаздыру үстіндеміз. Жуырда ғана 4-желтоқсан күні Алматы қаласында Әбдіжаппар екеуміздің үлкен қаражат пен үлкен күш-қуат жұмсалған жеке шығармашылық кешіміз өткізілді.  Ол кеште өзімнің туған балаларым  «Менің анам» деп сахнаға шақырып, концертімді жүргізді.  Сондай –ақ, концертке қытай қазақтары Әділ деген ағамызды ән жазып, осы кеште ән салсын деп жіберіпті.  Сосын марқұм Оразалы Досбосынов пен Ажар Түхелбекқызының Нұрайша есімді қызын сахнаға алып шықтым. Концертте жарыққа шықпаған біраз жаңа әндер мен халыққа жақын деген әндерім орындалды. Енді жуырда ат басын бұрмағаныма үш жылдай уақыт болған Өскемен және Семей қалаларына концерттік бағдарламамен барып, өзіміздің жеке шығармашылық кешімізді өткізуді жоспарлап отырмыз.
  • Әрине, алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілейміз. Бүгін Заттыбек ағамыздың кешінің қонағы ретінде келгендіктен бағдарламаның бір-ақ бөлімінде ән шырқадыңыз. Залда отырған кей апаларымыз «Роза қайта ән салсыншы» деп қолқалап та жатты. Осыдан кейін қаламызға жеке өзіңіздің концертіңізді қашан бермек ойыңыз бар?
  • Бүгін Қостанаймен қоса, Рудный қаласына да концерт қойған болатынбыз. Екі жерде де «Сіздің концертіңіз болады деп ойладық. Неге сахнаға бір-ақ рет шықтыңыз» деп ренжіп  жатқандар болды. Сіз айтқандай «Неге Әбдіжаппар сізден бөлек келді? Неліктен бірге концерт қоймадыңыздар?» деп сұрап жатыр. Егер халық сұрап жатса, алдағы уақытта келетін боламыз деп ойлаймын.
  • Алтын уақытыңызды бөліп, әдемі әңгіме құрғаныңызға көп рахмет!роза
Сұхбаттасқан: Назерке Базарбаева,
ҚМПИ-дің 1-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓