Жас дарын

 «Сәнді сурет тек сүйсіне көрмекке жақсы, ал мәнді сурет белгілі бір мәнді, суретшінің сезімі мен іңкәрлігін, әрекеті мен мінезін, табиғи дарынын білдіреді» демекші,  бейнелеу өнері – өнер атаулының ең құдыреттісі мен киелісі.Төлеу Арузат
Қаламызда суретті жанына серік еткен талантты жастар жетерлік. Соның бірі – №19 орта мектебінің  8-сынып оқушысы Арузат Төлеу. Ол  кішкентайынан   өте алғыр, іске тиянақты,  дарынды  болып өсті. Ойына алған мақсатына қайткен күнде  жетпей қоймайтын қайсар мінезі тағы бар.
Анасы Балжұма – ұлағатты ұстаз, он саусағынан  өнер  тамған  тамаша шебер. Арузат қолына қалам ұстауға жараған кезден бастап түрлі жанрдағы  суреттер салғанды жақсы көрді. Ең қызығы, Арузаттың алғашқы суреттері  өзі ұнатып тамашалаған мультфильмдердің ғажайып кейіпкерлері болатын.
 Жас дарынды ата-анасы ә дегеннен  Рудныйдағы  көркем сурет мектебінің бейнелеу сыныбына берді. Бүгінде  аталмыш мектептің 3-курсында  білікті маман Светлана Медведевадан білім алуда.
Ата-ананың көз қуанышы, мақтанышы  Арузат  сабақта да  озат, өте белсенді. Ол қалалық ғылыми конференциялар мен олимпиадаларға белсене қатысып ,жүлделі орындарға ие болып жүр. Алғашқы  ғылыми жұмысы да осынау бейнелеу  өнеріне арналды. «Сиқырлы қылқалам» тақырыбында жазылған жұмысы «Зерде»  атты  балалар зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобасында 2-орынға ие болды. Сонымен қатар,  ағылшын тілін де тереңірек меңгеруге мықтап кіріскен.
     Болашақта танымал  дизайнер болуды мақсат тұтқан Арузаттың тырнақалды туындылары көбіне республикалық балалар  «Айгөлек» журналына жиі-жиі  жарияланып тұрады. Оның суреттері талай жарыстарда кәсіби  әділқазылардан оң баға алып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Сөзіме дәлел, жақында  «Л.Н.Толстойдың шығармалары жайындағы суреттер» халықаралық  бейнелеу  өнері сайысында екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясы ұйымдастырған «Әлемнің суреттері»  дүниежүзілік  фестиваліне қатысқаны үшін арнайы сертификатпен  марапатталды. 
Арузат  көбіне гуашь кескіндемесімен сурет салғанды ұнатады. Ол бейнелеу  өнерінен ойып тұрып орын алар  әлемдік суретшілер  Винсе́нт Ви́ллем Ван Гог, Оскар Клод Монелердің шығармаларынан шабыт алады. Сонымен қатар, халқымыздың әйгілі кескіндемешісі, график суретшісі Әбілхан Қастеевті пір тұтады. Болашақта тәуелсіз Қазақстанның  бейнелеу өнеріне үлес қосу – Арузаттың асқақ арманы.
 
Индира Жайлаубаева
Рудный қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓