Тәртіптік кеңесте ескерту берілді
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде кезекті өткен тәртіптік кеңесте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновциялық даму басқармасының жетекшісі Мейрам Соқытбаевқа, Арқалық қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Мұрат Бейсеновке қатысты тәртіптік іс қаралды.
Мәселенің мәніне келер болсақ, еліміздің Бас прокуратурасының нұсқауымен облысымыздың қадағалау органдары жергілікті атқарушы биліктің іс жүзінде қаншалықты қызмет бөлмелерін жалға беруді заңнамаға сәйкес орындап отырғандығы туралы тексеріс жүргізген-ді. Тексеру нәтижесі облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновциялық даму басқармасының жетекшісі Мейрам Соқытбаевтың тәртіптік ісін тәртіптік кеңесте қарауға әкелді.
2015 жылғы қаңтарда басқарма мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында конкурс жариялайды. Конкурс бойынша жалға берілетін қызмет бөлмелері ( үй-жай ) Қостанай қаласындағы Әл-Фараби мен Абай көшелерінің қиылысында болуы тиіс-ті. Алайда әлеуетті жеткізушілерден түскен өтініш болмағандықтан, конкурс өтпей қалды. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік тапсырыс «бір көзден» қағидасы бойынша орналастырылады. Басқарма қызмет бөлмелерін Орталық әмбебап дүкені жанындағы Бизнес-орталығынан жалдайды. Ал, құзырлы қадағалау органдарының тексеруішілері болса, басқарма жалға алатын үй-жайларының мекенжайын техникалық ерекшелікте көрсетіп, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша әлеуеттік жеткізушілердің заңнамалық құқықтарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа байланысты тәртіп бұзушылық бабына сәйкес келіп отыр деген қорытынды жасайды. Қостанай облысы бірінші прокуратура басқарма бастығының орынбасары Дарын Жапабаевтың айтуынша, егер конкурста мекенжай көрсетілмеген болса, онда осы өткізілген конкурсқа басқарманың техникалық талаптарына сай келетін басқа да жалға беретін үй-жайлардың меншік иелері қатысқан болар еді. Қостанай қаласындағы Киев, Қарбышев көшелерінде де жалға берілетін жақсы үй-жайлар бар екен. Конкурста жалға берілетін үй-жайлар Қостанай қаласындағы Әл-Фараби мен Абай көшелерінің қиылысында орналасуы қажет деп айтылған. Сондықтан прокуратура Соқытбаевқа жаза қолдану қажеттігін ескерткенімен, шенеуніктің тәртіптік ісін қарап отырған тәртіптік кеңес мүшелері екіге жарылып, бір қолдап, екіншісі қарсы шығып дегендей, қорытындысында дауысқа салғанда облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновциялық даму басқармасының жетекшісі жазасыз кетіп, тәртіптік ісі тоқтатылды.
Тәртіптік кеңестің төрағасы Берген Беспалиновтың айтуынша, Бизнес орталығының қолайлы жерде орналасқанына қарамастан, жекеменшік иелері осы ғимараттан қызметтік бөлмелерді жалға алуға ұмтылмайды. Ал, мемлекеттік мекемелер болса, осы орталықтан қызметтік бөлмелерді жалға алуға тырысады екен.
Ал, енді Арқалық қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі М. Бейсеновке келер болсақ, Арқалық қаласы прокурорының орынбасары Азат Сағынаевтың айтуынша, авариялық жағдайдағы иесіз үйлерді бұзу, оның құрылыс қоқыстарын көму бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, басқарма жетекшісі бұзылған үйлердің қоқыстарын эколог мамандармен келіспей, тиісті орынға көмбеген. Сонымен бірге жұмыстар толықтай атқарылмаса да жұмыстардың орындалғаны жөніндегі актіге қол қойылған. Осы заң бұзушылықтар бойынша шенеунік те, тапсырысты орындаған мекеме де айыппұл төледі. Қорытындылай келгенде шенеуніктің жіберген заң бұзушылықтары бойынша лауазымдық қызметінен кетуі тиіс еді, алайда тәртіптік кеңес мүшелері қазіргі кезде басқармаға эколог мамандардың қоқыстардың көму мәселесіне қояр талаптары жоқ екендігін ескере келе, М.Бейсеновке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жөнінде шешім шығарды.
Гүлназым САҒИТОВА