Куәгерлер көмегі керек
Облыстық ІІД тергеу жүргізу басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласында қыркүйек айында болған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Детальді түрде анықтай түсу үшін тәртіп сақшылары оқиға куәгерлерін іздеп жатыр.
Оқиға 20-қыркүйекте кешкі сағат 21.10-да Абай даңғылы бойындағы «ОӘД» автобус аялдамасы маңында болған. «Daimler Bens 0405» маркалы №13 маршруттық автобустың жүргізушісі қозғалыс кезінде 60 жастағы ер адамды басып кеткен.
Қылмыстық істі тергеу барысында анықталғандай, жапа шегуші маршруттық көліктің артқы есігінен түспекші болған. Ол алыстап үлгермей, автобус қозғалып кетіп, салдарынан ауыр дене жарақатын алған.
Осы деректерге қатысты ҚР ҚК 345 бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тәртіп сақшылары аталмыш оқиғаға куә болған азаматтар болса, тергеуге көмегін тигізсе екен дейді. Немқұрайлылық танытпаған кісілер 8 (7142) 52- 60 -34,52-63-36, 52-62 09 немесе 102 нөміріне хабарласуын өтінеді полицейлер.