Автобус қаққан қыз көз жұмды
Қостанай қаласында автобус қағып кеткен бойжеткен аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы кеше сағат 13.00 шамасында облыс орталығындағы Алтынсарин көшесінде болған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Ксения Жылқыбаева айтқандай, автобус жаяу жүргіншілер жолағында қыз баланы қағып кеткен.
«Ол әртүрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді. Денесіне түскен жаралар терең және сынықтар да күрделі болды. Дәрігерлер жәбірленушінің өмірін аман сақтап қала алмады", – деді ол.
Ал облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.