Тұғыры биік ел салтанаты
Мемлекетіміздің ең ұлық күндерінің бірі-Тәуелсіздік күніне арналған салтанат «Мирас» мәдениет үйінде болып өтті. Салтанатқа жиналғандардың жүздері жарқын, қуанышты.Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов салтанатқа жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады, жылы лебізін білдірді. Өткеніміз бен бүгінгімізге, келер жыл-2016 жылы облысымызда атқарылатын жұмыстар мен жүзеге асырылатын жобалар туралы қысқаша шолу жасады.
Тәуелсіздік – халқымыздың бостандыққа, асқақ арманға ұмтылған, қайтпас қайсар рухының жемісі. Сондықтан да ата-баба аңсап өткен Тәуелсіздік күні баршамыз үшін ең қастерлі де қасиетті күн. Еліміз өз тәуелсіздігін осыдан жиырма төрт жыл бұрын барша әлемге жариялап, дербес мемлекетке танылды. Тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Тәуелсіз мемлекетіміздің Президенті Н. Назарбаевтың басшылығымен осынша жылдар ішінде саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуымыз қарыштап алға басып, толайым табыстарға жетіп отыр. Жылдан жылға тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайып жаңа белестерге көтерілуде. Бүгінде еліміз әлем мемлекеттері қауымдастығымен терезесі тең болып, ықпалды мүшесіне айналды. Әлемдік дағдарыстың тұрақсыздығына қарамастан біз болашаққа сеніммен қарап, үміт артамыз. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында мемлекетіміздің басты басымдықтары- өсім, реформалар мен даму айқындалды. Өңіріміздің экономикасы, өнеркәсібі, аграрлық әлеуеті қостанайлықтардың жағдайын жасауға, еліміздің экономикасына өз үлесін қосуға лайықты дамып отырғанын облыс әкімі жеткізді.
Содан кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Тәуелсіздік күніне орай ерен еңбектері еленіп, мемлекет наградаларына ие болған облысымыздың бір топ азаматтарына лайықты марапаттарын табыстады. Өңіріміздің қырыққа жуыққа азаматы атап айтқанда, серіктестік, аудан басшылары, еңбеккерлер, дәрігерлер, педагогтар және тағы басқа маман иелері ордендермен, медальдермен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Солардың ішінде еліміздің ең жоғары наградаларының бірі- «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Князев ие болды. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: салтанаттан көріністер
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.