Кез келген өңірде рәсімдеңіз
Баланың тууына және оның бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны рәсімдегісі келетін қазақстандықтар енді тұрғылықты жеріне қарамастан, еліміздің кез келген өңіріндегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады.
Бұрын тұрақты тіркелімнің болуы және тіркелген жері бойынша ХҚКО-ға жүгіну – әлеуметтік төлемдерді рәсімдеудің басты критерийлерінің бірі болатын.
"Эксаумақтық қағидат тіркелген мекеніне байланбауға мүмкіндік береді және клиенттерімізге көбірек қозғалыс еркіндігін береді. Оның арқасында қазақстандықтар бала туғанда берілетін және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді орналасқан жеріне қарамастан елдің кез келген орталықтарында рәсімдей алады. Жыл соңына қарай төлемдердің қалған түрлері бойынша эксаумақтық қағидатты енгізу жоспарлануда. Айтпақшы, статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың 8 айында баланың тууына және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты төленетін жәрдемақылар рәсімдеуге Қостанай облысында 4,5 мыңнан астам өтініш берілген", – деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет " мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қостанай облысы бойынша филиалының PR-менеджері Ярослава Богатырева.
Республика бойынша 2021 жылдың 8 айында осы қызмет түріне байланысты 300 мыңнан астам өтініш қабылданған.