Табаны тиген…
Қазақ баласы үшін табаны тиген деген бір қасиет тұтар ұғым бар. Қырық жылдан аса марқұм Бекқұл Садықұлы күніне кемі сегізден он екі шақырымға дейін жүгірді. Қазақтың ұлы даласы Арқа, Торғай жазығы, Сарыарқа, Қарқаралы, Жетісу жоталары, Алатау мен Қаратаудың асу-белдері, қыр-бөктері, іргелес Ресейдегі Орал тауының сілемдері, Қырғыз бен Өзбек елінің тау-даласына да Бекеңнің табаны тиген…
Бірақ, қазір, кім-қайда бармай жатыр? Түркияға бару ауылға барып келдім дегенмен бірдей, мұхит асып Америкаға, мына жағы Африкаға бардым десеңіз де жұрт таңғалмайды. Жүріп-тұру таңсық болудан қалып барады. Десек те, олардың бәрі де көкте – ұшақпен, жерде – поезд, доңғалақты көліктің түр-түрімен сапарға шығып, барып-келіп жүр. Табаны жер искеді деген аты ғана.
Ал, Бекқұл Садықұлы кәдімгі құдайдың берген екі аяғымен қара жаяулап, әр сапарға шыққанда жүз-жүздеген шақырым желе-жүгіріп, жүріп өтетін. Бұрынғыларын айтпай-ақ, осыдан бес жыл бұрын Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына осы Қостанайдан сонау Тараз, одан асып Жуалыдағы Қаратау баурайының құстаңдай сүрлеуіне дейін табаны тиді. Одан бері Арқалық, Жезқазған, Ұлытаудың елсіз сайын даласын кезіп, қасиетті Түркістанға, Тәуке ханның мазарына барып тәу етті. Барғанша тағы да жаяу, желе-жүгіре, жүрді.
Алла-тағала адамды топырақтан жараттым дейді. Содан болу керек, адамның табаны топыраққа тигенде өн бойыңда бір мықты діңгекке сүйенгендей сезім-сенім пайда болады. Оны өзің ғана сезесің. Жүріп, жүгірген сайын қуаттанып, жігерлене түсесің. Әр жердің өзіндік аурасы бар. Бір жерлерде құлынғандай құлдырайсың, енді бір жерде аяғыңа тас байлағандай ауырлап қаласың. Бәрібір, алпыс екі тамырды иітіп, он екі мүшені қозғалта, тербетіп, әбден тезге түсіреді. Мұндайда ой-санаңдағы, көңілдегі кірбің-кірді, жан дүниеңдегі тірліктің саржағал сарыуайым, реніш-өкініштің сарқынды-алқындысын пайда болған сайын шайып тастап отырады екен. Таңғы саф ауа, таудың жанға жайлы самалы, ұлан даланың жібектей есілген биязы желіне көкірек керіліп, о дариға, бір рахаттанатын сәттерді айтсаңызшы! Осының бәрін де Бекең көкем бастан кешті. Жан дүниесінің аппақ қардай тазалығы, мінездің жұмсақ, сезімталдығы… бәрі, бәрі осы табан тиген жердің киесінен!
…Қуанышта, қайғыда көңілі сабындай езіліп қоя беруші еді. Тіпті Бекеңді кейде қаймананың да қайғы-мұңы қабырғасына батып, өзегіне жетіп, жан-жүрегін езіп кететін.
Көз жасы еріксіз пырдай пытырлай төгілді-ау. Ақкөңіл адам кісі талғамайды деген рас екен. Бәрін дос көреді. Біреулер аяр, біреулер аяз, біреулер саяз… Алдап кетіп те жүр, арбап та қояды. Бірақ өзінің арда емген адамдығымен жампоз ағамыз бәріне төзді, бәріне көнді. Бәрінде де әділ болуға ұмтылды. Өйткені, алдында айбынар ағасы, артында именер інісі бар-тын.
Бекең қан туысқандарынан гөрі, жан туысқандарын көбірек тапқан кісі. 33 жыл Қостанайда бір жерде табан аудармай төл кәсібінен бағы жанған ақтаңгер еді. Ана жылдары зейнеткерлікке шыққанда Астанадан – Әмірхан Кеңшімов, Қарағандының Нұра-Сарысу басқармасынан – Бақытнасыр Закенайұлы, Семейдегі Ертістен – Қиысбек Жекебайұлы, Орал-Каспийден – Ғалиолла Азидоллаұлы, Көкшетаудың Есілінен – Ислам Біләлұлы бір төбе, бір қауым жан жылытар өзекжардысын айтқанда – осы ақжарылқап елгезектігіне сүйсінгенін сездік. Жарайды, қызметтің өз қисыны бар делік, бірақ жас ерекшелігі әркелкі болса да ағайындай аралас-құралас жүрген тек Қостанайдағы үйдің маңайындағылар өз алдына бір төбе.
Опасыз тіршіліктің рақымсыздығы, қамшының сабындай шолақ өмірдің мағынасыздығы… Бұл, сірә, адам тойымсыз, тұрлаусыз жаралғаннан ба? Мың-мыңдаған адамы бар қалада тұрсаңыз да, Адам бәрібір жалғыз екен ғой. Кейде еріксіз еске түседі… Қарап отырсақ, бәрі айналып келгенде Мұқағалидың айтқанына кеп саяды екен. Күнде таңертең оянғанда, ақ жарық сәулені көрген адамның қуанышына, бақытына ештеңе жетпейді! Бекқұл көкем таңғы шұғылалы жаңа күнмен амандаса, жұрттан мамыржай жарқын күнге сүйінші сұрауға жүгіре жөнелетін. Табаны жерге тиген сайын мына дүниенің де қабағы жадырап сала беретіндей көрінетін. Міне, бір жыл өтті, ғазиз жан пәниден бақиға озғалы…
Бүгінде Қостанайдың күретамыры іспетті даңғыл жолында жүгіріп бара жатқан желаяқтарды көрсем, олардың қатарында Бекең кетіп бара жатқандай болады…