Жолаушы
Жеті шақырым жердегі аудан орталығына апаратын тас жолда әл-әзір қыбыр еткен тірі жан жоқ, қаннен қаперсіз. Айнұр құндақтаулы баласымен жол-жөнекей көлденең көліктердің біріне ілігіп жетермін деп жаяу шыққан. Айдалада жел жоқ, шыңылтыр аяз еді. Жүріп келеді, екі-үш шақырым артқа тастады. Бір уақытта бусанған денесі тоңази бастағанын сезді. Сәбиін тас қып құшақтаған қолдары қарысып барады. Білегінің жаны кете бастағандай ма, өзі. Аяғы да тоңған екен. Башпайлары қозғауға келмейді. Енді сезді, аяз қаһарына мініпті. Айнұрдың ендігі есілдерті – жылы жөргектегі әбден тұмшалап алған баласын үсітіп алмау. Анда-санда сығалап бетін ашып көріп қояды: тентегі баяу ғана пыс-пыс етеді.
"Ақпан ақырып келеді, жан-жағын шақырып келеді" дегені рас екен. Батыстан суық ұра, болар-болмас қар ұшқындай бастады. Айнұр сасайын деді. Мына аяңымен бұған аудан әлі қашық. Қырсық шалғанда үш тараптан қосылатын тасжолда әлі бір тірі пенде көрінбейді. Денесі барған сайын тоңазып, сәбиін қолымнан түсіріп алам ба деп үрейленді. Бар күшін салып, адымдап-ақ келеді. Бір сәт отырып демалса ғой. Бірақ кідірсе болғаны, саршұнақ аяздан ұйқы қысып, сеспей қататынын біледі. Түкірік жерге түспейді. Бет-жүзін домбықтырып, үсітіп барады. Неде болса, жан-дәрменімен жүре беру.
Бір уақытта бір тықырлаған дыбыс құлағына шалынды. Қарсы алдында қарайған дым жоқ. Артына қарауға дәрменсіз. Бірақ тықыр барған сайын анық естілді. Арттан екен. Жүрегі атқақтап кетті. Сөйткенше болған жоқ, ат шаналы жолаушы қатарласа берді. Қатарласа берді де, сәл кідіріп:
– Баланы маған беріңіз, – деді де, Айнұрдың қолындағы құндақтаулы баланы қапсыра құшақтап баурына басты. Айнұр болса, аптыға шанаға отырайын деп ұмтыла бергенде, жолаушы "шу!" деп қап еді, ауыздығын қарш-қарш шайнаған қос ат шананы сүйреп жүйтки жөнелсін. Айнұр қалбалақтап барып ұшып түсті. Қапелімде не болғанын түсінбей, зәресі зәр түбіне кетті. Ботадай боздап қоя берді: "Ойбай-ау, бұл не деген сұмдық? Балам, балам күнім-ау, ей, қарақшы! Қайда апарасың, ей сұмырай! Тоқта, деймін,тоқта!" Жалма-жан орнынан тұра сала ат шананың артынан жүгіре жөнелді. Бар даусымен айқайлап келеді. Бірақ ат шанадағы оны елең қылар емес, бүлкілге басып барады. Айнұр қаны басына шауып, манағы аяқ-қолының икемге келмей тоңғаны жайына қалды. Жанталасып жүгіріп келеді, жүгіріп келеді. Ат шана жеткізбеуге айналды. Сәлден соң бұлдыраңдап барып көзден таса болды.
Айнұр бір жүгіріп, бір жүріп дамылсыз келеді. Ат шана көрінбей кеткен сәттен жылай-жылай, көз жасы суалды. Қанша уақыт өткені белгісіз, Айнұр сонадайдан аудан орталығының қараңдаған сұлбасын байқады. Бірте-бірте шеткі тұрғын үйлер, малжанның дыбысы, тіршілік тынысы анық естіліп, көріне бастады. Айнұр бағанағы Айнұр емес, аяқ-қолы ширақ, күш-қуатына мінген жігерлене жүгірді.
Бір уақытта қозы көш жердегі шеткі үйдің қасында тұрған ат шана көзіне оттай басылды. Әні-міне дегенше, Айнұрды алыстан бақылап тұрса керек, үйден қолында құндақталған баланы көтерген арба айдаушы шықты.
– Мамасы, сабыр етіп, сабаңа түс. Міне, жүре-жүгіре бойыңдағы қаның тасып, мына аяздан аман қалдың, шүкіршілік ет – деген жігіт ағасына Айнұр не айтарын білмей, сәбиін құшағына алған күйі, көзінен екі моншақ дөңгелеп түсті.