Сегіз жыл күткен жеңіс
Облыста қамкөңіл жандарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырып, олардың қабілетіне қарай спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасау қолға алынған. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандар қандай да бір кәсіппен айналысып, алдарына мақсат-мүдде қояды.
Қостанайда есту қабілеті нашар және естімейтін балаларға арналған спорт мектебі бар. Оқу бағдарламасына бірінші сыныптан бастап шағын футбол сабағы қосылған. Мектеп жанынан құрылған футбол командасы жақында есту қабілеті төмен спортшылардың арасында өткен ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды.
Бұл біріншілікке Қазақстанның барлық облыстарынан іріктелген он бір құрама қатысты. Доп додасына түскендердің арасындағы ең жас команда – Қостанай облысы. Жерлестер бұған дейін Қырғызстанда өткен шағын футбол жарысынан олжалы оралған-ды. Дегенмен, барлық күшті ҚР чемпионатына салдық дейді ойыншылар. Себебі, дәстүрлі біріншіліктің алтыны осымен сегізінші жыл бұйырмай келеді.
Қостанайлықтар алғашқы ойында Атырау құрамасын 13:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал екінші кездесуде жетісулық ұжымның қақпасына жауапсыз он доп соқты. Жартылай финалда Семейден келген спортшылар да қостанайлықтардан өз қақпаларына жеті гол жіберіп алды. Екінші топтан үздік шыққан «Қарағанды» командасы жартылай сында Алматы облысын жеңді. Сөйтіп, үздікті анықтау үшін Қостанай мен Қарағанды облыстары кездесті.
Ойын ширақ басталды. Жергілікті команданың шабуылшысы Андрей Данин есеп ашса, артынша кеншілер қаласының спортшылары теңестіріп кетті. Бірақ, қостанайлық Руслан Шыңғысбек бірден төрт гол соғып (покер), сегіз жыл күткен жеңісті алып келді. Нәтижесінде, Руслан турнирдің үздік ойыншысы атанды. Оның өнеріне қазақ футболының ардагері Вахид Масудов жоғары баға берді.
– Жігері жасымаған қайсар жандардың алдағы уақытта да тамаша табыстарға жететіне сеніміміз зор. Сондықтан өз тарапымыздан қолдан келген жағдайдың бәрін жасап, олардың шеберліктерін шыңдай беруді жалғастыра бермекпіз. Мемлекет басшысы да халықтың отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту керектігі жайлы да ұдайы айтып келеді емес пе, – деді спорт жанашыры Құсайын Кәткенов.
Осы чемпионатта нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен тобылдық бес ойыншыға «ҚР спорт шебері» атағы берілді. Олар Қазақстанның шағын футбол құрама командасына шақырту алды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ