Курсант – жүлдегер
29 маусым мен 2 шілде аралығында Астана қаласында ҚР Президентінің жүлдесіне арналған жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 3-курс курсанты Нұрбол Құрбан қатысып, 90 келі салмақ дәрежесінде жүлдегер атанды.Нұрбол үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген чемпиондар арасында жүлдегер атану тұрмақ, қатысудың өзі ғанибет еді. Бірақ жас та болса, еңбекқорлығының, бабы мен күш-жігерінің арқасында әлемдік көптеген қарсыласын қапы қалдырып кетті. Тек жартылай финалдағы бәсеелесіне аздаған ұпай айырмасымен есе жіберіп, жүлделі 3-орынға ие болды.
"Мен бұл жүлдемді әуелі қазақ жұртына және Академия ұжымына арнадым. Осындай дәрежеге жетуіме жағдай жасаған Қостанай академиясының бастығы полиция генерал – майоры Мирлан Қызыловқа ерекше алғысымды айтамын, сондай-ақ ЖжДД кафедрасының оқытушы – жаттықтырушылары мен өзімнің тікелей жаттықтырушыларым полиция подполковнигі РусланТаңқыбаевқа, полиция майоры Ержан Кабидуллиновке осынау жарысқа дайындалуда қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғыс білдіремін, – деді Нұрбол.
Бұл әлем кубогына Нұрбол Құрбанды ЖжДД кафедрасының оқытушысы, самбодан Қостанай облысының жаттықтырушысы полиция подполковнигі Руслан Таңқыбаев алып барған болатын. Үлкен додаға алғаш қатысып отырған спортшының жарқын жеңістері әлі алда екені сөзсіз.
Жалпыкомандалық есепте 1-орынды Ресей құрамасы, 2-орынды Қазақстан, ал 3-орынды Өзбекстан құрамасы иеленді.
Мейрам Оспанов,
Академия баспасөз хатшысы