484 млн теңге жымқырған. Үш азаматқа үкім оқылды
Қостанай облысында мемлекеттік инвестициялық бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаржысын ұрлау дерегі тіркелді.
Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті қазына қаржысына қол сұғу дерегін анықтаған.
Қаражат шаруа қожалықтарына субсидия есебінде, күн қуатын пайдалану арқылы құдықтан су тартатын құрылғы сатып алуға бөлінген. Алайда күдіктілер 484 млн теңгені тиісті жеріне жеткізбей, талан-таражға салыпты.
«Сот үш айыпкерді құқық бұзғандары үшін айыпты деп танылды. Біріне 5 жылға, қалған екеуіне 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді», – деп хабарлады департаменттегілер.
Сотталушылар қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде жазаларын өтейді.