Өңір экономикасына тың серпін әкелген жоба
Қазақстан кәсіпкерлер Ұлттық палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейман облыс орталығындағы бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, олардың жұмысымен кеңірек танысты.
Солардың бірі өңірдегі ірі инвестициялық жоба – "ЕвразКаспианСталь" металл прокатын шығаратын зауыт үстіміздегі жылы сәуір айынан бастап өзінің алғашқы өнімдерін шығара бастады. Күні бүгін алып кәсіпорын 100 мың тонна металл прокатын шығарған. Әзірге кәсіпорын жарым-жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Соның өзінде жыл аяғына дейін 11,4 млрд. теңгенің өнімін өндірмек. Толық қуатына енгенде мұнда жылына 450 мың тонна құрылысқа қажетті арматура дайындалатын болады. Зауыттың директоры Сергей Сотниковтың айтуынша, қазірдің өзінде Қостанайда шығарылған темір шыбықтарға елімізден басқа Ресей және алыс-жақын шетелдерден сұраныс жоғары көрінеді. Өндіріс ошағында 250-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Астаналық қонақ зауыт жұмысшыларының еңбегіне жоғары баға берді. Және мұндай инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңір экономикасының артуына тың серпін береді деп атап өтті. Т.Құлыбаев бұдан өзге "АгромашХолдинг", "Садчиков-ское" ЖШС-ін аралап көрді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
СУРЕТТЕ: ҚР кәсіпкерлер Ұлттық палатасы төралқасының төрағасы Т.Құлыбаев "ЕвразКаспианСталь" ЖШС аралап көрді. Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.