Балалық шақтың аспаны
Баршамыздың балдай тәтті балалықты аңсайтынымыз бар. Әттең, мәңгі бала болып қалу мүмкін емес. Ол кезде бәрі қызық, бәрі тамаша. Балалық шақтың кереметі де сол – өмірді қызыл-жасыл бояумен көреміз. Уақыт озып, балдәурен шақтың да өз құндылықтары жоғалып, жаңарып жатқанын бүгінгі күн көрсетіп отыр. Өткеннің балалық шағына оралып, бүгінгімен салыстырып көрелік.
Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарынан кейінгі 50-ші жылдары өтті. Ол кездері тек колхоз болатын. Кішкентай құлыншақты ат қып мініп, тайларды үйрететінбіз. Талай құлап, қатты ауырғаннан жылайтын да кездеріміз болған. Түйенің ботасын өте қатты жақсы көрдім. Бота жаңа туғанда сүттей аппақ, сүйкімді болатын. Ботаға жақындасаң, ол саған бауыр басып, 7-10 күннен кейін соңыңнан қалмайтын. Асыр салып, асық ойнадық. Бүгіндері асық ойыны халық арасында өркендеп келеді. Бұған өте қуаныштымын. Қыс мезгілінде доптыаяқ (хоккей) ойнайтын едік. Содан кейін мына Жыланшық өзенінің бойында тоғай болатын. Сол тоғайдың ішіндегі биік-биік талдардан садақ жасап ойнайтынбыз. Негізгі ермегіміз осылар еді. Мен домбыра тартуға, күй тыңдауға құштар едім. Біз балалық шағымызда кітапты өте көп оқитынбыз. Кітаптан нәр алатынбыз. Кітапханаға немесе дүкенге жаңа кітап келсе, бір-бірімізден алып оқитын едік. Балаларға, жастарға айтарым, барлық ғылым мен техника, ғаламтор дамыса да кітаптан артық азық болмайды. Кітап – жан азығы. Бар білім мен тәлім-тәрбиенің кілті – кітапта.
Балалық шақты жиі еске аламын. Өйткені ол ұмытылмас бір кезең еді. Біздің бала кезімізде бүгінгідей компьютер, планшет, интернет болмаса да, балалық шағымыз мол қызыққа, қуа-нышқа толы болды. Еркін, шымыр болып өстік. Әткеншек теуіп, секіртпемен секіретінбіз. Одан кейін құрбы қыздармен асфальт төселген жерге бормен сандар жазып, "классики" ойнаушы едік. Асық жинау ермегіміз еді. Асықтың түрлерін, оны иіргенде түскен қалпына қарай асықтың – алшы, тәйке, бүк, шік деген атауларын жатқа білдік. Достармен жиналып, "Ақсерек-көксерек", "Қызыл ту" ойындарын ойнайтынбыз. Біздің балалық шағымыз "Октябрят", "Пионер", " Комсомол" үғымдарымен тығыз байланысты ғой. 19 мамыр Пионер күні еді. Бұл біз үшін үлкен мереке болған. Барлығымыз қызыл галстук тағып, мерекелік іс-шараға мәз-мейрам болып баратын едік. Түрлі сайыстар ұйымдастырылып, әндер шырқалып, алау жағылатын. Бұл балдәурен шақ алыста қалды. Дегенмен балалық тазалықтың жұрнағы бойымызда сақтала берсін деймін.
Біздің балалық шақ қызыққа толы болды. Әрдайым қимыл-қозғалыс, жүгіріс-секіріс. Сол кездері "Битка" деген ойын аса танымал еді. Бұл ойынның ережесі мен ойнау тәсілі гольфқа ұқсайды. "Фишка" ойнайтын едік. Бұл менің құрдастарымның көбісінің есіңде болар. Әсіресе ұлдардың ермегі болатын. Сол кездері "Мортал Комбат" деген фильм көрсетілетін, оның суреті осы фишкаларда бейнеленген. Тетрис ойнайтын едік. Кейін "Денди", "Сега" ойын құралдары кең қолданыста болды. Теледидардан "Том мен Джерри", "Ну, погоди" мультфильмдері көрсетілді. Қазақ тілінде олардың саны өте аз еді. Компьютерге деген аса қызығушылық болмады. Компьютердің тілін білдік, бірақ уақыт өткізудің басты құралы ол емес еді. Уақытты көбінесе далада, достармен өткізуді қалайтынмын. Менің ойымша, заманауи техниканың ықпалынсыз өткен балалық шақтың соңғы буыны біз шығармыз.
Дарина САБДЕНОВА, 11 жаста:
Мен С.Мәуленов атындағы гимназияда оқимын. Қазір біздің мектепте жазғы лагерь жүріп жатыр. Мұнда өте қы-зық. Маған ұнайды. Сол үшін күнде осында келемін. Менің достарым өте көп. Бәріміз бірге доппен ойнағанды жақсы көреміз. Әсіресе пионербол. Футбол да ойнаймыз. Одан кейін теледидарда "Nickelodeon" арнасын жиі қараймын. Сүйікті мульфильмім "Спанч Боб". Ал ғаламторды одан да көп қолданамын. Сіңілім екеуміз көптеген мультфильмдер іздеп, оларды қараймыз. Мен "Одноклассники" деген әлеуметтік желіде отырамын. Және мен қуыршақтармен ойнауды жақсы көремін.
Әлішер МИРАМОВ, 11 жаста: Доппен ойнағанды жақсы көремін. Балалармен футбол ойнаймыз. Үйде уақытты көбірек өткізімен. Компьютерде әр түрлі ойындар ойнаймын. Кітаптар оқимын. Әсіресе Абайдың қара сөздерін оқуды жақсы көремін. Теледидарды жиі қарамаймын.
Салтанат ҒИЗАТ,
Сүлеймен Демирель атындағы университеттің 3-курс студенті.