Зейнетақы қорын жинақтау жұмысы аяқталды
Зейнетақы жүйесін реформалау елімізде ең көп талқыланған мәселелердің бірі болды. "Бірың-ғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамында активтер мен міндеттемелерді қабылдау 1 сәуірде аяқталды. Барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес барлық зейнетақы активтеріне сенімгерлік басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Екінші кезең аясында қазіргі уақытта барлық жинақтаушы зейнетақы қорларынан салымшылар туралы ақпарат алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бізге бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында "ЕНПФ" АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Б.Сәрсенбаева мәлімдеді:
– ҚР Ұлттық банкпен бекітілген жинақтаушы зейнетақы қорларының активтері мен міндеттемелерін қабылдау-өткізу белгіленген кестеге сәйкес аяқталды. 2014 жылғы 1 маусым айына дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы шарттарының барлық түрлері бойынша Қостанай облысындағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 480 085, зейнетақы жинақтарының сомасы 188 996 978 000 теңгені құрайды. 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап "БЖЗҚ" АҚ-нан зейнеткерлік жасқа жеткен салымшылар (алушылар) үшін зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының орташа мөлшері 28 620 көбейді және 652 080 теңгені құрады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін өсіруге ең төменгі зейнетақы мөлшерінің көбеюі әсер етті. ҚР Президентінің тапсырмасы аясында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап бұл көрсеткіш 21 736 теңгеге дейін өсті. Биылғы жылдың қаңтарынан 1-маусымына дейінгі аралықта БЗЖҚ тарапынан 31 млрд.-тан астам теңге төленген. "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес БЖЗҚ салымшысы (алушыға) оның жеке зейнетақы жинағы туралы ақпаратты кез-келген уақытта біле алады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ