Өнім көлемін ұлғайтуды көздейді
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстағы ірі өнеркәсіп ошақтарымен танысуды Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасымен жалғастырды. Мұнда өңір басшысын кәсіпорынның бүгінгі тынысымен таныстырды.
А.Мұхамбетов фабриканың кәмпит, шоколад шығаратын цехтарын асықпай аралап, әр бөлімнің жұмысына тереңірек үңілді.
«Баян сұлуда» еңбек ететін қыз-келіншектер тоқтаусыз жүріп жатқан конвейерлерді бақылап, өздеріне бекітілген жұмысты мінсіз атқару үстінде. Бұл жерде жұмыстың тоқсан пайызын әрине, автоматтандырылған қондырғылар атқарады. Қол жұмысы тек дайын өнімдерді қорапқа салып, текшелеп жинауға ғана қажет.
Айтолқын Тойгелдинова осы цехта алты жылдан бері жұмыс істейді. Мамандығы құрылысшы болғанмен, ол бірде-бір рет үй сылап немесе кірпіш қалап көрген емес. Сонау тоқсаныншы жылдары Арқалық құрылыс колледжін бітірген маман бірнеше жыл бойы Таран ауданындағы Опанов ауылында, мектепте істеген. Қазір «Баян сұлу» фабрикасында жемісті еңбек етіп жүр.
-Біздер күніне 5 тонна кәмпит шығарамыз. Әрқайсымызға жүктелген міндет осындай. Жұмысым өзіме ұнайды. Табысым жаман емес. Еңбек бастысы еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын,-дейді Айтолқын.
Негізі, фабрикада түрлі тәттілер шығаратын цех бірнешеу. Олардың ассортименті де жоғары. Қостанайда өндірілген кәмпиттер елімізден тысқары Қытай,Ресей, Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдова тәрізді бірнеше мемлекеттерге экспортталады.
Келешекте кәсіпорынның көлемін ұлғайтып, қосымша тағы жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған. Фабрика директоры Виталий Трайбер облыс әкімін кәсіпорын ішін аралатып жүріп, құрылысы жүріп жатқан нысандарды да көрсетті.
«Баян сұлу» АҚ директорының орынбасары Тимур Садықовтың айтуынша, бүгінде зауыттың жұмысы алға басқан. Бұған мемлекеттік индустриаландыру картасы мен «Даму» бағдарламасының септігі тиіп отыр. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысына қарамастан кәсіпорын сыртқы нарықты көбірек қамтып, жаңа өнім түрлерін көбейтуге мүдделі.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ