Жайдарман жарқын көңіл-күй сыйлады
Қалалық балалар шығармашылығы үйінде "Жайдарманнан" Республикалық "Торғай" орталық лигасының финалдық ойыны өтті. Оны, облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, "Қазақстан КВН Одағының" Қостанайдағы филиалы ұйымдастырды.
"Жайдарман" десе, ішкен асын жерге қоятын жастар қауымы бұл жолы да көрермен залын толтырды. Өйткені өзара бәсекеге түсетін алты команда арасында республикаға көзайым болып үлгерген топтар бар.
Мәселен, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің "S-class" құрамасы, "Алтын белгі" атты Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нен келген астаналық жайдарманшылар, Қарағанды қаласындағы "Болашақ" университетінің "Болашақ VIP" командасы финалдық ойынның қонағы саналды.
Қалған жергілікті үш топ – "Депутат" (ҚИнЭУ), "Ару.кz" (АрМПИ), "Сөзжетпес" (Қостанай қаласы) – жайдарман сүйер қауымға жақсы таныс.






Ойын қорытындысы бойынша 1-орынды "Депутат" жеңіп алды. Екінші жүлдені оралдық "S-class" олжалады. үшінші орын – арқалықтық "Ару.кz" еншісінде. "Сөзжетпес" командасының ойыншысы Жәнібек Жалғасов "Үздік ойыншы" атағына ие болды.
