Санасы сергек, ойы озық
Ел Тәуелсіздігімен бірге 30-дың ордасын бұзып отырған белсенді жастың бірі – егемен Қазақстанмен бірге есейген еркін ойлы, өнер-білімге бой алдырған азамат, қарасулық Бердімұрат Сайлаубекұлы.
Бердімұрат – шекараның арғы бетінен келген қандасымыз. Ол 1991 жылы 16 наурызда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Ол бес жасар кезінде, яғни 1996 жылы отбасы атамекенге ат басын бұрыпты. Қандас ағайын Қостанай облысының Қарасу ауданына қоныстанған.
"Алқабында алтын дәні ырғалған, қойнауы қазыналы кенге бай, ұлы тұлғаларды түлеткен қасиетті Тобыл-Торғай топырағы нәсіп болғанына бақыттымын. Осы өлкенің суын ішіп, дәмін татып, ырыздық теру мен үшін үлкен ғанибет. Ешкім "сырттан келдің" деп менен сырт айналған жоқ. Ел қатарлы ержетіп, қанатымыз қатайды, сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алдым. Арманның асқарына құлаш сермеп, құтты ұядан түлеп ұштым. Тағдырым Қостанай жерімен байланысқанына бақыттымын", – дейді ол.
Кейіпкеріміз аталмыш ауданда орта білім алды. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы "Шабыт" қазақ ұлттық өнер университетін 2010-2014 жылдары кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдап шыққан.
Өнер-білімге жастайынан жақын болып өскен азамат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хатының иегері атанған. Сондай-ақ, қоғамдағы елгезектігі мен белсенді қызметі үшін Қарасу ауданы жастарының Алтын кітабына есімі енген. Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйінің әдіскері болып қызмет етеді.
"Туған жерге туың тік" дейді ғой дана қазақ. Өзге өңірден пайда іздеп, табыс көздегенше, өскен өлкенің мәдениетінің дамуына тамшыдай болса да үлес қоссам деген мақсат қойдым алдыма. Қазір, шүкір, Қарасу ауданының қатардан қалмай, ілгері көшке ілесуіне көппен бірге еңбек сіңіріп жүрмін дей аламын. Әр жетістігінен шабыт алып, әр кемістігіне жігерімізді жанып, ел-жұрттың мақтанышы мен бақ-табысы үшін қызмет қылудамын", – дейді белсенді азамат.
Бердімұраттың түсінігінде Тәуелсіздіктен қастерлі құндылық болмауы тиіс. өйткені барлық бақ-береке, мақсат-мүдде соның ішінде.
"Әлем тарихының тұрғысынан қарағанда, 30 жыл – көзді ашып-жұмғанша өте шығар уақыт. Бірақ осы мерзім аясында алаш жұртының жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Шекарасын шегендеп, рәміздерін түгендеп, жан-жаққа тарыдай шашыраған қандастарын Отанға оралтудың өзі не деген ғаламат нәрсе! Алып елдермен иық тірестіріп отыруымыздың өзі де мақтан тұтуға тұрады. Ал жастардың білімі жетік, рухы асқақ, отансүйгіш болуы шарт. "Өз мәселем шешілмей, елдің мәселесін қайтемін?" дейтін күңкілдерді жиі естіп қаламыз. Сенің тағдырың елдің тағдырының ішінде екенін ұмытпауың керек", – дейді тәуелсіздіктің төл құрдасы.
Сергек саналы, озық ойлы азамат қатарластарын мемлекеттің дамуына тежеу салатын, тәуелсіздіктің басты жаулары саналатын кесірлі әдеттерден аулақ болуға шақырады.
"Біріншіден, жегі құрт – жемқорлықтан іргемізді аулақ салуымыз керек. Екіншіден, тәуелсіздік ұрпағы ретінде ой-санамыз да азат болуға тиісті, яғни әділетсіздіктің қас-дұшпаны болуымыз қажет. Үшіншіден, елдегі бейбітшілік пен татулықтың бағасын білуіміз шарт. Сырттан арбайтын "жаны ашымастардың" іріткі салуынан сақтануымыз керек. Жастардың бос қиял мен күмәнді ұрандардың соңына емес, ғылым-білімнің, өнер мен спорттың жетегіне ергені өзіне де, мемлекетке де ұшан-теңіз пайда әкелер еді", – деп ой түйеді Бердімұрат.