Таланттылар «Триумф» тұғырында
Облыста республикалық, халықаралық зияткерлік, спорттық жарыстардан, конкурстар мен олимпиадалардан топ жарған дарынды жастарды құрметтеу жақсы дәстүрге айналған. Марапаттау рәсіміне өңірдегі жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Ел ертеңінің тұтқасын ұстайтын азаматтарды айтулы шарамен құттықтаған аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов:
– Дербес елдің ертеңгі болашағы – білімді жастар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өнер-білім және спорт саласының дамуына зор көңіл бөлуде. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер де аз емес. Оған – сіздердің жеңістеріңіз бен табыстарыңыз дәлел. Бүгін біз өздерін бәсекеге қабілетті ортада сәтті көрсете білген жастардың басын қосып отырмыз. Талантты жастар – тәуелсіздіктің жаңа бетін жазатын жас ұрпақ. Сол себепті осындай дарынды жастары бар Қазақстанның болашағы да жарқын боларына сенім мол, – деді.
Іс-шарада әр салада толағай табыстарға жетіп, ұстаздары мен ата-аналарының сенімін ақтап жүрген оқушыларға арнайы сый-сияпат жасалды. Оларға дипломмен қатар бағалы сыйлықтар тапсырылды.
«Триумф» байқауы ең үздік өрендерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Мәселен, Дархан Ноян – биыл Мәскеуде өткен Бүкілресейлік ғылыми олимпиадасының жүлдегері. Республикалық және басқа да халықаралық жарыстардағы жеткені толайым.
– Мен «Озат» мектеп-интернатының оқушысымын. 2017 жылы Қазақстанда өтетінін ЭКСПО халықаралық көрмесіне өз ілесімді қосқым келді. Осы бағытта ізденіп көрейін деп шештім. Кейін жасыл экономикаға сай жобаларды ойлап-табуға кірістім. Еңбегімнің марапатқа ие болғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта ғылым саласында еңбек етсем деген мақсатым бар,- дейді Дархан Ноян.
Қостанайда ғылым саласында жетістікке жетіп жүрген жастар жетерлік. Олар ары қарай дамытып, инновациялық жобалар мен жасыл экономика сияқты бағыттарды бағындыруға мүдделі.
Сәйкесінше, оқушыларға спортты серік еткен артық болмас. Ал оқу мен спортты қатар алып жүрген шымыр шәкірттер аз емес. Оған бір мысал –Владислава Кухта, бокстан спорт шебері және әлем чемпионы. Биыл Тайваньда өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
«Триумфтың» тұғырынан көрінген толқын кездесу барысында облыс әкімімен диалог құрды. Оқушылар өздерінің алға қойған мақсаттарын айтты, аймақ басшысы тілектес екендегін білдірді. Еркін пікір алмасқаннан кейін шара салтанатты марапаттау рәсімімен сабақталды. Жүзден жүйріктер төрден табылды.
Қасқырбай Қойшыманов