Қызмет көрсетудің озық түрі
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлықпен күресті күшейту мен оның алдын алуға бағытталған жұмыстың жалғаса беретінін атап өтті. «Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс» делінген Жолдауда.
Елбасы тапсырмасын орындау барысында облыстық ІІД «бір терезе» қағидасына қатысты қызмет түрін жүзеге асырып отыр. Полицияның бас ғимаратының бір бөлігінде жұмысын бастаған төрт терезе құжат айналымы бөлімі, әкімшілік полиция, көші-қон қызметі және ақпараттық-сараптама орталығының қызметтеріне қатысты азаматтарды қабылдайды.
– Бұрынғыдай құжат рәсімдеп, ақпарат-кеңес алуға келген азаматтарды қызметкерлер кабинеттеріне апарып, бар шаруа сол жерде орындалатын. Ондай кезде қарапайым тұрғын мен құқық қорғау саласы өкілінің арасында тамыр-таныстық басталып, соңы жемқорлық қылмысына дейін соқтыруы мүмкін еді. Ал қазір қызмет алуға келген әрбір адам есіктің ар жағына өтпей-ақ, барлық шаруа, мәселесін терезе арқылы рәсімдей алады. Жаңа қызмет көрсету залы азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырып жарақталған. Жан-жағы 3 бейне камерамен жабдықталып отыр. Азғана қаржыға кедергісіз қызмет алатын орын жасауға қол ұшын созған жергілікті билікке алғысымыз шексіз, – деді облыстық ІІД басшысы Бекет Аймағамбетов.
Қызмет көрсету залында азаматтар қару ұстауға рұқсат алу мен тіркету өтінішін, архив анықтамасы мен талап-шағым түсіре алады. Жаңа орын әлеуметтік роликтер айналып тұратын LED-экран, кондиционер, дәретханамен қамтылған. Ал қабырғада қажетті ақпараттық тақта мен анықтамалығы көрсетілген телефон бар.
Генералдың сөзінше, қазіргі таңда жемқорлықты жоюдың тағы бірқатар тәсілі жүзеге асырылыуда. Өткен жылдары Меңдіқара, Федоров және Қостанай аудандарындағы тіркеу-емтихан бөлімдері жабылған болса, алдағы уақытта Рудный қаласындағы осындай орын да қызметін тоқтатады. Облыс орталығынан радиусы 150 шақырым жердегі барлық елдімекен тұрғындары көлік жүргізу куәліктері, мемлекеттік нөмір алу, басқа да қызметтерді тек Қостанай қаласында рәсімдемек. Бұл да парақорлықтың жолын кесу, бастысы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суретті түсірген Бағдат Төлебай.