Татулықты ту етіп…
Ұлтаралық татулық, бірлік – оқушылар көзімен. Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына арналған облыстық бейнебаяндар байқауының қорытындысы шығарылды.
Байқауды облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма және балалар мен жасөспірімдер ассоциациясы бірлесе ұйымдастырды. 7 аудан мен Қостанай, Рудный сынды қалалардан барлығы 28 бейнеролик қатысқан. Бүгін ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының назарына 25 шығарма ұсынылды. Барлығына тән мазмұн – этносаралық татулықты, ұлттар достығын көрсету. Араларында өз ұлты жайлы баяндалатын бейнеролик жасаған оқушылар да болды. Мемлекет құраушы ұлтпен тағдыры тамырлас ұлыстар туралы даярланған жұп-жұмыр жұмыстар бірінен бірі асады. Дегенмен шығармаларды қазылар мән-мазмұны, техникалық сауаттылығы тұрғысынан саралап, бағалады.
Қорытындысында түрлі аталым бойынша үздіктер марапатталды. Қостанай политехникалық колледжінің студенті Вадим Брик «Озық идея», қарабалықтық Алина Темірбаева «Үздік мазмұн» номинациялары бойынша назарға ілікті. «Үздік монтаж» аталымын Қостанай қаласындағы №23 мектеп оқушылары – Найля Мұқанова мен Жәмила Нұғманова бөлісті.
Ж.Жүсіпбек