Жиынтық төлем туралы не білеміз?
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) филиалының директоры Сәуле Аймұхамбетова облыстағы 2018-2019 жылдарға арналған жұмыспен қамтуды формализациялау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қорытындысын жасады.
Филиал қызметкерлері жыл бойы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының аумақтық бөлімшелерінің басшылары өткен жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жүргізілетін ақпараттық жұмысқа жәрдем көрсетті.
– 2018 жылы 20039 адамды қамтыған 572 кездесу өткізілді. БАҚ-та 219 материал жарық көрсе, әлеуметтік желілерде 616 жазба орналастырылды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында апта сайын халықпен кездесу ұйымдастырылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп брифинг өткіздік, – деді Сәуле Аймұхамбетова.
Филиал басшысы айтқандай, бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді жеңілдету үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу ұсынылады.
– Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. БЖТ жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін 4 міндетті төлемді бір төлеммен алмастырады, – деп нақтылады ол.
Оның сөзіне қарағанда, Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (2 125 теңге), басқа елді мекендерде 0,5 АЕК деңгейінде белгіленді.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков