Ұлық болсаң, кішік бол
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде өткен тәртіптік кеңесте Қамысты ауданының әкімі Жанабай Бисимбаев мемлекеттік органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс Кодексін сақтауы туралы аясында атқарылған шаралар туралы есеп берді.
Тәртіптік кеңестің мүшелері оның аудан көлемінде атқарылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын тыңдай келе, аудан әкіміне бірнеше сұрақ қойды. Сұрақ қойылуы да тегін емес-ті. Себебі, аудан әкімінің орынбасары Ғ. Ахметчин құқықбұзушылық жіберіп, тамыз айында
болған тәртіптік кеңесте әкімнің орынбасарына қызмет көлігін жеке пайдаланғаны үшін қатаң сөгіс беру туралы ұсыным шығарылған болатын-ды. Тәртіптік кеңесте Ғ. Ахметчин автокөлікті жөндеу үшін Қазақстаннан тысқары Ресейдің Челябі қаласына барған едім деп айтқан-ды, бірақ орынбасардың жауабы дәлелді, нақты болмағандықтан тәртіптік кеңес мүшелері осындай шешім шығарған еді.
– Ол аз болғандай, қызмет көлігін жүргізіп бара жатып, ұялы телефонмен сөйлескені үшін Ғ. Ахметчинге айыппұл салынды. Тәртіпті бірінен соң бірін бұзып, қайталауда. Қызмет көлігімен өзіміздің жеке басымыздың жұмысын істеу үшін мемлекеттен қаржы бөлініп отырған жоқ қой. Орынбасарыңыздың осындай әрекеттерге баруын қадағаламағансыз, байқамағансыз,- деді Қостанай облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың бастығы, тәртіптік кеңестің мүшесі Евгений Пархоменко.