Төбе би де өзіміз, төре би де өзіміз
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде өткен тәртіптік кеңестің отырысында Қостанай облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясының құқық және әкімшілік қызмет бөлімінің жетекшісі Амалия Искаковаға қатысты тәртіптік іс қаралды.
«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген сөз рас шығар, тәртіптік кеңестің кеңесшісі Ажар Куликованың айтуынша, көлік бақылауы инспекциясында азаматтардың өтініш беру тәртібі туралы заңнамаларының сақталуына байланысты жүргізілген тексеріс барысында көптеген кемшіліктерді анықтады. Ал, Қостанай облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың бастығы, тәртіптік кеңестің мүшесі Евгений Пархоменконың айтуынша, көлік бақылауы инспекциясына басқарманың да жүргізген тексеріс нәтижесі көрсеткендей, әкімшілік істері бойынша кемшіліктердің бетін ашты. Тексеру қорытындысы прокуратураға жіберілді.Сонымен бірге азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап берілмеуімен қатар бөлім жетекшісі төлем бойынша кімге төлем мерзімін ұзарту я кейінге қалдыру керек дегендей мәселелерді бастығымен шешіп отырған. Тексерушілер де бұл мәселелерді Амалия Искакова қай қағидаға сүйеніп, осылай шешіп отырғанын анықтай алмады. Көлік бақылауы инспекциясы басшысының мәселесі Астанаға жіберілген болса, ал, бөлім жетекшісі Амалия Искакованың тәртіптік ісі жергілікті яғни Қостанайда қаралды. Тәртіптік ісі қаралатын тәртіптік кеңеске бөлім жетекшісі келген жоқ. Тәртіптік кеңестің мүшелері А.Искакованы бірауыздан атқаратын қызметінен босату туралы ұсыным жасап, шешті.