Қос елден қоса қымқырған
Қостанай қаласының №2 сотында Қазақстан мен Ресей Федерациясынан бірдей зейнетақы алып келген Ресей азаматына қатысты іс қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды. Ведомство деректеріне сүйенсек, зейнеткер 2000 жылы РФ Челябі облысының Зейнетақы қорының тізіміне алынған.
«Ол 2003 жылы ҚР заңнамасында көрсетілгендей, зейнет жасына жеткен соң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қостанай облысындағы филиалына жасы бойынша зейнетақы беру үшін өтініш жазады. Өтінішінде басқа ТМД елдерінде зейнетақы жарналарының түсімдерінің жоғын көрсетеді. Осылайша, ол корпорация қызметкерлерін алдаған», – делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Белгілі болғандай, ол 2003 жылдың наурыз айынан 2018 жылдың наурызына дейін 15 жыл бойы заңсыз ақша алып келген. Ол осы уақыт аралығында 3 968 718 теңге қаражат жымқырған. Енді ол ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша сот алдында жауап береді.