Елбасына арналды
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі бойынша онлайн тәртібінде қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтары қызметкерлерімен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» тақырыбында жиын және іс-тәжірибе оқыту сабақтары болып өтті. Онлайн жиынды ашқан басқарма бастығының орынбасары Қ. Ахметов жиналғандарды Президент күнімен құттықтай келе, өз сөзінде бүгінде тәуелсіз еліміз Президентіміз Н.Назарбаевтың басшылығымен әлем таныған, мойындаған мемлекетке айналғанын, көреген, сарабдал саясаткер екендігін, Елбасының басшылығымен республикамыздың экономикасын көтеру, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту, әр сала бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, қоғамда бірлік пен өзара келісімді сақтау секілді бағыттарда қомақты істердің тындырылғанын жеткізді.
– Іс-шара Президент күніне арналғандықтан өңіріміздегі барлық оқыту орталықтарының білікті мамандары іс-тәжірибелерімен бөлісті, арнайы ашық сабақтар өткізді. Сабақ барысында түрлі инновациялық оқыту тәсілдері қолданылды, көрекілік құралдарды тиімді пайдаланып, шеберліктерімен ойнатып, сөйлете білді. Тақырып бір болғанымен, әрине, әр оқытушы сабағының берілуі, оқытылуы әр түрлі, мазмұндары бай, тағылымды болды. Атап айтсақ, Ұзынкөл аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлжанат Жанайдарова «Ұлы тұлға-Ұлы көшбасшы» тақырыбында кең, мазмұнды баяндама жасаса, ал, Арқалық қаласы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсемгүл Түбекованың «Елбасы-ел тірегі» атты тақырыбындағы сабағы сайыс түрінде болды. Көрнекілік ретінде арнайы Президент көрмесін ұйымдастырды, бейнесюжеттер, слайдтар, үлестірмелі карточкаларды қолданды. Сабақтың беру әдіс-тәсілі ұтымды шықты. «Елін сүйген – Елбасы» атты сабағын мәселен, Федоров ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жанат Қамзина сұрақ-жауап, түсіндіру, жұптық, топтық жұмыс әдіс-тәсілдері арқылы өткізді. Жітіқара ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ғайын Молдахметованың «Елдің туын желбіреткен-Елбасы» атты сабағы Отанын, халқын сүюге, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелейді,-деді тілдерді дамыту орталығының бөлім басшысы Бақыткүл Сүлейменова.
Жиын аясында облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары Гүлмира Кірікпенова, Заманбек Болатбекұлы «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты ашық сабақ көрсетсе, Қостанай ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Нұржан Толықпаев сайыс сабақ, көрме ұйымдастырды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: жиыннан көрініс