Көмір тапшылығы бар ма?

Қостанай облысында жылыту маусымы басталысымен көмірге деген сұраныс артты. Қатты отын өңірге әкеліп үлгертпей сатылып кетіп жатыр. Әсіресе, облыс орталығында саудасы қызу.Қостанайда көмір бөлшек саудамен сатылып жатқан бірнеше темір жол бойындағы нүкте бүгінде бос тұр. Ал шенеуніктер көмір тапшылығы жоқ дейді.
"Тапшылық жоқ. Қазір Қостанайда 100 тонна "Шұбаркөл" көмірі бар, ол күн сайын еселеніп те жатыр, жеткізу жұмыстары тоқтаған жоқ. Әрине, дүрлігіс болып жатқан шығар, көмір кезегіне тұрған халық көп болуы мүмкін. Бірақ дүрбелеңге салынуға негіз жоқ дер едім", – дейді Қостанай облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Кенжалы.
Ресми деректер бойынша, Қостанай облысында жыл сайынғы көмір қажеттілігі 240 мың тоннадан асады. Басқарманың хабарлауынша, күн сайын 5 мың тонна әкелінеді. Қазірдің өзінде теміржол тұйықтарында 25 мың тонна көмір бар көрінеді. Бірақ халық арасында негізінен "Қаражыра" және "Шұбаркөл" маркалы көмірге сұраныс көп, сондықтан олар бірінші кезекте сатылып кетеді. Содан кейін Қостанайға жақын орналасқан қоймалары бос ауылдар мен теміржол тұйықтары жоқ аудандардан келіп, дау-шар көтеруі мүмкін дейді Ш.Кенжалы.
"Вагон жетіспеу мәселесі де жоқ. Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Қарағанды облысы мен Семейден көмір әкелінуде, бұған логистиканы да қоссақ болады. Бұрын тасымалдау мерзімі 7 күн аралығында болса, қазір күн сайын жеткізіліп жатыр", — дейді шенеунік.
Басқарма мәліметінше, көмір нарығындағы осындай жағдай әдетте күздің басында жиі қайталанып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Содан кейін сұраныс азаяды. Көмір бағасына келетін болсақ, биыл құны өскен. "Қаражыра", "Шұбаркөл" және "Майкөбе" маркаларының тоннасы 15 мың теңгеден, "Богатырьдің" тоннасы 11,5 мың теңгеден сатылуда.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓