«Алтын қор – 2015» байқауы өтті
Рудный қаласында Еуразиялық Топ (ERG) кәсіпорындары арасындағы «Алтын қор – 2015» кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті.
Оған «ССКӨБ» АҚ, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ, «Евразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Шұбаркөлкөмір» АҚ, «Транском» ЖШС, «Қазхром ТҰҚ» АҚ-ның Ақтөбе мен Ақсудағы ферроқорытпа зауыттарынан келген 40-қа тарта жұмыскер қатысып, 7 мамандық бойынша білімі мен білігін сарапқа салды.
Бірінші кезеңде қатысушылар күнделікті жұмысы мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты теориялық сұрақтарға жауап берсе, практикалық кезең ешкімге оңай соққан жоқ. Себебі, ұйымдастырушылар сайыскерлер үшін асқан кәсіби шеберлікті, ептілік пен өжеттілікті талап ететін қызықты тапсырмаларды даярлап қойған еді. Мәселен, экскаватор машинистері ожаумен су толтырылған шелекті бір жерден екінші жерге көшірсе, краншы қыз-келіншектер кран ілмегіндегі жүкпен ашық тұрған сіріңке қорабын жабу қажет болды. Дегенмен қатысушылардың басым бөлігі бұл тапсырмаларды шеберлікпен орындап, жоғары ұпайларға ие болып жатты.
– Жұмысшы маман иелерінің бір-бірімен тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауы үшін осындай байқаулардың берері мол. Меніңше, байқау әділ, әрі жоғары деңгейде өтуде. Байқаудың «Алтын қор» деп аталуы Еуразиялық Топтың өз жұмыскерлерін қаншалықты бағалайтынын көрсетсе керек, – дейді әділқазы алқасының төрағасы Нұрбек Олжабек.
Байқау қорытындысы бойынша «Қазхром ТҰҚ» АҚ темір ұстасы Серік Ниязғұлов, «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ кран машинисі Мария Шибитова, «Қазхром ТҰҚ» АҚ экскаватор машинисі Юрий Калиничев, «Қазақстан Алюминийі» АҚ бульдозер машинисі Сергей Вейде, «ССКӨБ» АҚ үш бірдей жұмыскері: электр-газбен дәнекерлеушісі Феликс Гавриков, электр-жөндеуші Дмитрий Туник пен ауыр жүк көлігін жүргізуші Сергей Гупалов өз мамандықтары бойынша үздік атанды. Жеңімпаздар 500 мың теңге, ал жүлдегерлер 200-300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ