Таңмен таласа тұрдың ба?

     Бала кезімізде аналарымыз таңмен таласа оянып, үйдің бар шаруасын әндете жүріп-ақ тындыратын. Ренжімейтін, шаршамайтын. Әкеміз екеуі шүйіркелесе отырып, шай ішетін. Шала ояу жатып сол күбір әңгімені естіп жататын едім. Бұл менің ғана емес, баршамыздың балалық шағымыздың бір бейнесі шығар. Жанға жылу беретін кезеңдер ғой. Қазір осы ерте тұру әдеттен қалып, ерте оянуды біздер, қалалықтар өзгеше бір сәнге айналдырдық-ау деймін. Тіптен «Сиқырлы таң» деген де бастамалар пайда бола бастады. Басты мақсат – осы аналарымыз салған сара жолды жаңғыртып, ерте тұрып, қимылдау.
       «Ұйқыбастың бірі мен едім»
Әңгімесін дәл осылай бастады Әлиман. Әлиман Мырзатай  әріптесіміз. Журналист. Қазір Астанада тұрады. Тұрмыс құрып, екі баланың анасы атанса да ұйқыны жақсы көргенін жасырмайды. «Үнемі ана жер, мына жерім ауырып, көңіл-күйім болмай, шаршап, жолдасымның бойынан мін іздей беретінмін. Отбасылық алты жылым осылай өтіпті. Инстаграмға үңіліп, өзгелердің жалған өміріне қызығып жүре беріппін, ақымақтық қой» деп әңгімесін жалғады. Қазір Әлиманның көзқарасы да, өмір салты да түбегейлі өзгерген. Оны өзгерткен – ерте тұру. Сірә қазақ «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп бекер айтпаса керек.
     – Алғашқыда Динара Уалинаның парақшасынан «Сиқырлы таң» туралы оқып жүрдім. Кейін марафондарына қатыстым. Соған қарап ерте тұрамын, көп жүремін, жүдеймін деп армандай бастадым. Бірақ ерте тұру мен үшін өте қиын болды. Марафонға қатысқанда ол таңатпай болатын. Оны қарап аламын да қайтадан ұйықтайтынмын. Содан ұйқының арты жалқаулыққа, күйзеліске, дене бітімнің өзгеруіне, ұрыс-керіске апаратынын сездім. Содан екі жыл болып қалды, таңғы жетіден тұруды үйрендім. Жұмысым үйімнен 8 шақырымдай жерде соған ерте тұрып жаяу келемін. Ол дегеніңіз 12 мың адым. Солай жүріп салмақ тастауым керек деп мақсат қойдым. Ерте 5-6 да тұрып тез-тез адымдап, жұмысқа баратын болдым. Құлаққап тақпаймын. Айналада не болып жатқанын тыңдап, көріп бір рахат сезімде жүремін. Осылай өзімнің жеңілдеп, аурудан арылып, шаршамай, көңілді жүретінімді байқадым. Өмірім де реттеле түсті. Кешке 10-11 де жатамын. Бұрынғыдай түнімен телефон шұқыламаймын. Таң қараңғысында ештеңеден үрікпейтін, қорықпайтын болдым. Қан қысымым жоғары еді. Одан да арылдым. Басында жолдасым да, таныстарым да түсінбеді. Кейін отбасындағы қарым-қатынас та дұрысталды, жалпы үйдегі проблема менің үнемі қабағым қатып, шаршап жүргенімнен басталғанын түсіндім. Әйел жадырап жүрсе үйде бәрі жақсы болады, – дейді Әлиман.
  Бүгінде Әлиман осы жүрісіне спортты да қосқан. Қоғамдағы ерлі-зайыптылардың жараспай, ажырасуы да осы режимнің жоқтығынан, телефонға көп қарап, бір-бірімен сырласпағаннан деп ойлайды. Егер адам баласы табиғатқа жақын болып, өзіне үңіле білсе бәрі рет-ретімен шешіледі. Міне, Әлиманның қазіргі ұстанымы – осы.     
    – Қазір бізде ауру адам көп. Қимылдың жоқтығынан небір ауруларды жамадым. Одан сайын депрессияға берілдім. Қозғалыстың аздығынан, тамақ көп ішкеннен, салмақ жинадым. Осылардан емделіп жатырмын. Бірақ медицаналық жолмен емес. Бақыласаңыз соңғы кездері артық салмақ мәселесі ушығып тұр. Мұның бәрі дұрыс ұйқының жоқтығынан басталып жатыр. Әлеуметтік желіде түнімен отырамыз. Нағыз адамға мелотанин (бақыт гармоны) бөлінетін 22:00-02:00 аралығында ұйықтамаймыз да, ұйқымыз қанбай дел-сал болып, тал түске дейін жатамыз. Түске дейін ұйықтаған адамда бақытсыздық гормоны бөлінеді да, көбіміз мөлшерден тыс тамақ жейміз. Салмақ осылай қосылады. Сондықтан ерте тұрып, көп қималдау керек, – деп ақылын қосты.
     Әр адам өзінше бір әлем
Айгүл АХМЕТҚАЛИЕВА, Қостанай қаласындағы №3 емханасының дәрігері:
     – Әрине, ерте тұрғанның пайдасы бар. Бірақ ол біреулерге жақпауы да мүмкін. Тым ерте тұрғанды қабылдамайтын ағза да болады. Барлық адам бірдей емес. Өзіне ұнаса, жайлы болғанда ғана тым ерте тұру керек. Жалпы қандай да бір жаңашылдыққа ақырындап, байыппен барған жөн. Қазір көп адам ерте тұру, жаяу жүру, салқын суға шымылуды бәр сән, тренд ретінде қабылдап, бірден кірісіп кетіп жатады. Оның бәрі бұрыннан болған. Ол жаңалық емес. Тек уақыт өте келе осы қарапайым дүниелерді ұмыта бастадық. Сондықтан ең алдымен адам өзінің ішкі сезіміне құлақ түргені абзал.
    Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық
    Раушан Досжанова, көп балалы ана:
    – «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп аталарымыз текке айтпаған ғой. Ауылда тұрамыз. Ауыл тірлігі оңай емес. Таң атпай тұрып, сиырды да сауып, малды да өріске айдап, сегізге дейін бар шаруаны тындырамыз. Бүгінде қаланың тірлігіне үйренген келіндердің шаршап қалатынын көріп таңғаламын. Егер әйел адам бәріне үлгеремін десе, уақыт табуға болады. Ол кезде таңмен таласа тұрып, түнде кеш жататынбыз. Бәріне үлгереміз. Қазір ғой, «ерте тұру сән» деп жүргеніміз. Осы аналардың жолын қайта жаңғырту керек. Әйел адам жанұясында тыныштық орнап, уақытылы тамағы әзір, үйі жинаулы болса, ондай отбасының берекесі болады. Жалпы, әрбір жан таңертең ұйқыдан оянған кезде алдына белгілі мақсат қойғаны абзал. Адамды алға жетелейтін арманы. Адал, таза еңбек еткен адам әрқашан мақсатына қол жеткізері сөзсіз. Бұл осы сіз көтеріп отырған тақырыпқа да сай деп ойлаймын.
 
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
 
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓