Бәрі еңбекпен келеді
Қарасу ауданынан кезінде 115-тей Социалистік Еңбек Ері мен Қазақ ССР-і мемлекеттік сыйлығының иегерлері, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына сүбелі үлес қосқан құрметті азаматтар шыққан. Аудандық «Қарасу өңірі» газеті, архив, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, ішкі саясат,білім, мәдениет бөлімдерінен құрылған ынталы топтың арқасында сол азаматтардың есімі қайта жаңғырды.
Өткен аптада облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған «Еңбек даңқы» кітабын салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілді.
-Облыстың барлық аудандары мен қаларын біріктірген бұл кітапта әр өңірдің елеулі азаматтары – ауыр еңбекте шыңдалып өскен жандардың есімдері жазылған. Біздер сол аға-апаларымыздың еңбек үлгісін өскелең ұрпаққа өнеге ете отырып, оны келешекке лайықты түрде табыстауымыз қажет,- деп атап өтті Қарасу ауданының әкімі Алмабек Шәмшиев.
Бұдан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы да осы бір жақсы дәстүр бұдан былайғы уақыта лайықты жалғасын табатындығына шүбә келтірген жоқ. Өйткені, аға буын өкілдерінің сол уақыттағы өлшеусіз еңбегі тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі даңқты жолының бастауында тұр.
Айтпақшы, қарасулықтар «Еңбек даңқы» кітабын көршілес Сарыкөл ауданына табыс етті. Рәсімге аудан әкімінің орынбасары Елжан Төребеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Айғұлақов қатысты.
Қарасу ауданы.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретте: «Еңбек даңқы» кітабын салтанатты түрде табыстаудың сәті.
Суретті түсірген Мешіт Ғазиз.