Елбасы Жолдауын талқылады
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мәжіліс залында ұстаздар қауымы мен студенттері Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден тыңдады.
Тәуелсіздік Сарайында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті еліміздің бүгінгі әлемдік ахуалдың күрделі кезеңімен бетпе-бет келіп отырғанын, алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тіреп жатқандығын айтты.
Аса жауапты осындай кезеңде мемлекетте бірліктің сақталуы аса маңызды һәм қоғам игілігі үшін жауапты игі дүние жасалуы керектігін жеткізді. «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», – деді Н.Назарбаев.
Жолдаудан кейін университет ұстаздары өз ой-пікірлерін білдіріп, бүгінгі әлемдік хал-ахуалдың құбылып жатқан сәтінде Елбасының әр айтқан сөздерінде қаншалықты мән жатқандығына тоқталды.
Алмас Әбсадықов,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің проректоры:
Дағдарысты жеңу – еңбекке, үнемге, бірлікке байланысты…
Қазір еліміз әлемдегі геосаяси жағдайлардың және дағдарыстың нағыз қызған шағында тұр. Жолдау атынан айтып тұрғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайттардың барлығын жете түсінгендіктен келер жылға нақты қадам жасады. Дағдарысқа қарсы күресу жолдарының, оның ішінде экономиканың үнемділігі, мемлекеттік қаржы жүйесіндегі тұрақтылықты сақтауға ерекше мән берді. Ол үшін Қазақстан халқы аталған мәселені еңсеруге бірігуі қажеттелігіне тоқталды. Бұл бізге қажетті үлкен маңызды бастама. Себебі, кез келген дағдарысты жеңу – еңбекке, үнемге, бірлікке байланысты.
Үнем дегеніміз, Елбасының сөзімен айтқанда, «көрпеңе қарай көсілу». Яғни, біз үнем мен еңбек өнімділігін арттырып, экономикамыздағы өсімді кемітпеуіміз керек. 100 нақты қадам ұлт жоспарын 2016 жылдан бастап толық орындауға үкіметке бірнеше тапсырмалар жүктегені де дағдарыстан шығудың негізгі қадамы деп түсінемін.
Сондықтан да Елбасының халқына Жолдауы белді бекем буып, жаңа реформаны, жаңа өсімді, жаңа дамуды қалыптастыруға жетелейді.
Мейрамбек Тастанов,
Философия докторы (Ph.D)
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің профессоры:
Мүмкіндігімізді пайдалану қажет
Бұл жолдауда Елбасы мемлекетіміздің алдағы мақсаты әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру екенін атап өтті. Бірақ, алда бізді қаншама қиындықтар кездесетінін, соған дайын болып, тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталғаны Қазақстан халқына жақсы әсер қалдырды деп ойлаймын. 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысын талдап, сол үшін дер кезінде қандай жағдайлардың алдын алғанын, қазір алпауыт елдердің бір-бірімен теке тіресі мемлекетіміздің дамуына қаншалықты нұқсан келтіріп отырғанын жеткізгені барлығымызды толғандырды.
Біз өз мүмкіндігімізді әлі толық пайдалана алмай отырғанымыз, еліміздегі өндіретін тауарды өзіміз тұтына алмай жатқандығымыз сынға алынды бұл Жолдауда. Сондықтан да Елбасы айтқандай, өз мүмкіндігімізді пайдалану қажет бізге.
Тағы бір ерекше айтылған мәселе, 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандарды дайындау-оқыту бұрынғыдай ақылы емес, ақысыз болатыны бізді қуанта түсті.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай