“Тіл – татулық тірегі”
Қостанай облыстық прокуратурасы елімізде кең көлемде аталып өтетін Тұңғыш Президент күніне орай прокуратура қызметкерлері арасында «Тіл – татулық тірегі» атты байқауын ұйымдастырды.
Облыс прокуратурасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, заң қызметкерлерінің қазақ тілді терең меңгеріп, барлық іс-құжаттардың ана тілімізде жүргізілуіне аса мән береді.
Байқау Қостанай қаласындағы облыстық прокуратураның мәжіліс залында өткізілді. Бәсекеге бақ сынамаққа өңіріміздегі барлық прокуратура қызметкерлері атсалысты. Бұл жарыстың екінші кезеңі екенін айта кетейік. Алғашқы турда үміткерлер тіл туралы шығарма жазып, іріктелген болатын. 27 жұмыс сарапталып, оның тек 10-ы ғана келесі кезеңге өтті. Сұрыпталған мақаланың авторлары Қостанайда өткен бәсекенін екінші бөлімінде сайысқа түсті.
Қазақ халқының дәстүрлі шапаны мен сәукеле, шолпысын тағынған заң қызметкерлері жарысқа өте жоғары деңгейде дайындалған. Байқау ережесі бойынша үміткерлер өздерін таныстыруға 5 минут уақыт алды. Оның 2 минутында қазылар алқасы мен жиналған жұртшылыққа бейнебаян арқылы өзі туралы ақпарат берді. Қалған 3 минуты өз өнерлерін көрсетуіне арналды.
Темірдей қатты тәртіпті талап ететін сала мамандары бұл жолы әуелете ән салып, мың бұрала би биледі. Енді бірі күмбірелете күй тартса, бірі ақын-жазушылар өлеңдерін нақышына келітіре оқыды.
«Бала тілі – бал» деп аталатын екінші кезеңде үміткерлер бүлдіршіндердің жасырған сұрақтарына жауап берді. Қазақ мақалдарының мағынасын түсіндіріп, жұмбақтардың шешімін тапты.
Соңғы тур «Қазақтың ұлттық қол өнері» деп аталды. Мұнда қатысушылар қазақ халқының дәстүрлі бұйымдары мен ыдыс-аяқтарын сөзбен сипаттап, оның шығу тарихы мен пайдасын түсіндірді.
Үш кезеңнен тұратын байқау мәресіне жеткенде әділ қазылар алқасының мүшесі Михаил Дәуенов сайыс туралы пікірін білдіріп, шараның жалғасын күтетінін айтты.
Қазылар шешімі бойынша сайыстың жеңімпазы Жанкелдин ауданы прокуратурасының прокуроры Мейрамгүл Қозбақ атанды.
Заң саласында он жылдан бері қызмет етіп келе жатқан білікті маман – М.Қозбақ ана тілі мен қазақ халқының салт-дәстүрін жетік меңгерген нағыз патриот екенін дәлелдеді.
Іс-шара соңында Қостанай обылсының прокуроры Марат Қайыбжанов мырза жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, қатысушылар мен көрермендерге алғысын білдірді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ