Баға бақылауда ұсталады
Доллар бағасының теңгеге шаққандағы құны күрт шарықтап кетуіне байланысты ел ішінде дүрбелең басталды. «Азық-түлік бағасы көтеріледі екен»,-деп естіген жұрт әдеттегідей ең қажетті тауарларды қапшықтап тасып сатып алып жатыр дегенді де құлағымыз шалды. Бірақ, мұндай әсіре әңгімеге еруге еш негіз жоқ. Баға бұрын қалай болды, бүгінде сол күйі тұр. Оны Қостанайдағы ірі-ірі сауда нүктелерін аралағанда көз жеткіздік.
Облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов бастаған топ облыс орталығындағы Орталық базар, «Дастархан», «Солничный» супермаркетін аралап, ондағы азық-түлік бағаларын бақылап шықты. Барлық тауарлардың бағасы тұрақты. Нан 46 теңге, сары май 620 теңге, жылқы еті 1000-1300 теңге көлемінде, қаз еті 2500, тауық еті 400, жұмыртқа 135 теңгеден тұр. Помидор-200 теңге, картоп 70,сәбіз 80, жуа 60 теңгеден самсап тұр. Бұлардың барлығы да жергілікті өнімдер.
Сатушылар доллардың шарықтауы тауар бағасына еш әсер етпейді деп отыр. «Дастархан» базарында сатушы болып істейтін Несібелі Бабулова ет бағасының көтерілмегендігін алға тартты:
-Бағаны көтеруге еш негіз жоқ. Өйткені, бағаны негізсіз көтерсек, онда тұтынушылардан айрылып қаламыз. Қазір не көп, ет сататын дүкен көп, жұрт бәрібір арзанын таңдайды емес пе! Оның үстіне халықта көп ақша жоқ. Сондықтан, бағаны әрі-сәрі құбылта беруді біз де құптамаймыз.
Бұдан былайғы уақытта да сауда сөрелеріндегі азық-түлік бағалары қатаң бақылауда ұсталатын болады. Облыста арнайы құрылған штаб мүшесі осылай деп сендірді.
-Теңгенің құнсыздануына байланысты облыс әкімінің жетекшілігімен арнайы штаб құрылды.Бүгін осы комиссияның алғашқы отырысы болды. Жиынға өңірдегі азық-түлік өндіруші кәсіпорындардың басшылары қатысты. Негізгі мақсат бүгінгідей дағдарыс кезінде жұртшылық тұтынатын тауар бағасын бұрынғы қалпында қалдыру. Мұны барлық тауар өндірушілер жақсы түсініп, бірауыздан қолдап отыр. Өздеріңіз білесіздер, тоқсаныншы жылдары бұдан да қиын кезеңдер болған. Ол кезде дүкен сөрелерін бос тұратын. Бүгінде оның бірі де жоқ. Сауда сөрелері не керектің бәріне сықасып тұр.
Сондықтан қажетті азық-түліктің бағасын өзіндік құнынан асырмауы тиіс.Мен әрбір адам өз елінің патриоты болуы керек деп ойлаймын . Бір жұдырықтай жұмылсақ қана қаржы дағдарысын еркін еңсере аламыз. Мемлекет еліміздің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне әрдайым қол ұшын созып келеді. Биылдың өзінде ешбір қиындыққа қарамастан Үкімет азық-түлік өндірушілерге 18 млрд.теңге субсидия берді. Бұл қайтарымсыз қаржы. Оның үстіне ҚР ауылшаруашылық министрінің бұйрығымен ет,сүт,жұмыртқа өндіретін кәсіпорындарға тағы 50 пайыз субсидия қосылады,-дейді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Егер кез келген тұтынушы дүкендердегі баға өзгерісін байқаса, онда жедел түрде штабқа хабарласуларына болады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ