Өзара тәжірибе алмасты
Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясында "Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдауын жүзеге асыру аясында құқық қорғау қызметін жетілдірудің негізгі бағыттары" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясының, Ресейдің Вологда құқық және экономика институтының, Рязань академиясының, облысымыздың жоғары оқу орындарының ғалым-заңгерлері, профессорлары, доценттері, оқытушылары және ҚР ІІМ еңбек сіңірген қайраткерлері қатысты. Жиынды ашқан академиясының бастығы заң ғылымдарының кандидаты, профессор полиция полковнигі М. Қызылов өз сөзінде Елбасымыздың "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді нақты белгілеп, ішкі және сыртқы саясаттың басым бағыт-бағдарын айқындап бергендігін атап өтті.
– Осы конференцияның басты мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтық тәртібін сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру, кәсіби білімді, тәрбиелі маман даярлау, білім беру сапасын жетілдіру сұрақтарын қарастыру, қызметкерлерді патриоттыққа, кәсіби шеберлікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқық қорғау аясында туындаған мәселелерді жүзеге асыру бағыттарында жаңа жетістіктерге жету, сонымен қатар Ресей мен Қазақстан елдерінің ғалымдарымен өзара тәжірибе алмасу болып табылады, – деді бізге Қостанай академиясының баспасөз қызметінің маманы О.Уақпаева
Конференцияға қатысушылар секцияларға бөлініп, "Қазақстан Республикасының тарихи және теориялық-құқықтық негіздерінің қалыптасуы", "ҚР қылмыстық, қылмыстық-атқару заңнамасымен құқық қолдануды жетілдіру мәселелері", "Құқық қорғау ор-гандарында әкімшілік-құқықтық, жедел-іздестіру және қылмыстық іс жүргізу қызметін ғылыми және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету", Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің білім жүйесі мен кәсіби даярлығын жаңғырту", "Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуының инновациялары" сынды маңызды да күрделі тақырыптағы мәселелерді талқылады, жоғары оқу орындарының өзара тәжірибе алмасу, білім беру сапасы туралы пікір алысты, өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.
Гүлназым
САҒИТОВА