Арам пиғылы жүзеге аспады
Заречный елді мекенінің тұрғыны Владимир Фанякин үшін өткен мейрам күндері сәтсіздікпен басталды: азаматтың баспанасына бәз біреулер баса-көктеп кірмек болған. Абырой болғанда, алаяқ арамза ісін толық жүзеге асыра алмапты.
Бұл оқиға мамырдың 10-ы күні болды. Үй қожайыны қаннен-қаперсіз облыс орталығына жұмысқа кеткен. Баспанада сол уақытта тірі жан болмаған екен. Сол себепті де ұры ұрымтал сәтті «игілігіне» пайдаланып қалғысы келген болса керек. Үйдің қараусыз, бос қалғанына көзі жеткен қаскүнем ішке енбек мақсатта әуелгі кезекте пластикалық терезелердің бірін күштеп қайыруға кіріседі. Бірақ оның оңбай қателескен жері – пәтердің бақылау жүйесімен жабдықталғанын қаперге алмағандығы. Оның алғашқы әрекетінен кейін-ақ қашықта жүрген үй иесіне «сіздің үйіңізге ұры түсті» деген мәтіндегі мобильді хабарлама түседі. Үй иесі дереу артқа оралады. Келе сала, үйін тонағалы жатқан қылмыскермен ол еш ойланбастан арпалыса кетіпті. Ал, шақырылмаған қонақ уыстан сытылып, қаша жөнеледі. Дегенмен жалма-жан соңына түсіп, алысқа ұзатпай жетіп алып, алаяқты «алып ұрып, астына түсіріпті». Ізінше жолы болмаған ұрыны оқиға орнына дереу келіп жеткен тәртіп сақшылары ұстап әкетті. Ерлік жасаған үй егесі қаскүнемге қаймықпай қарсы тұруға спортқа деген икемділігінің көмегі болғанын әңгіме етті кейін.
Тергеу барысында анықталғандай, тұтқындалушы 1984 жылғы Қостанай қаласының тұрғыны болып шықты. Қылмыс орнын тексеру нәтижесінде оның шегежұлғыш құралы мен қолғабы табылды. Бұл заттар оның ұрлыққа дайындықпен келгенін көрсетеді. Негізінде, бұл азамат дәл мұндай қылмысқа бірінші рет бармаған екен. Осымен 7-ші рет егесіз үйге ұрлыққа түсіп тұрғанын ол кейін мойындады.
Бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған жүгенсізге сот кезекті мәрте лайықты жазасын кесетін болады.
Жандос Жүсіпбек