Нысанада – халық мүддесі
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Махаббат Жотаев партияның қызметі туралы облыс журналистерімен өткізген баспасөз брифингінде баяндап берді.
Бұл партия, төрағаның айтуынша, сонау «Алашорданың» жалғасы, халық пен билік арасындағы көпір іспетті болуды мақсат тұтады. Қостанай облыстық филиалы да кең етек жайып келеді. Аудандардан филиалдар ашу ісін ширатып, жастарды көбірек тартуға екпін салуда. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына үн қосу, анализденген көпшілік арыздар бойынша да жұмыс істеу – партияның көздейтіні.
Биыл филиал аз жұмыс атқарған жоқ. Жемқорлыққа қарсы зерттеулер жүргізілді, транспорттық инспекцияның, денсаулық сақтау мекемелеріннің, өзге де әлеуметтік салалардың «тамыр соғысы» тыңдалды. Жұмыстарының әр қадамы БАҚ назарында ұсталды.
«Ақ жол» партиясының негізгі нысанасы – кәсіпкерлік пен бизнестің мүддесін қорғау. Сол саладағы солқылдақтықтардың нығая түсуіне ықпал жасауды көздейді.
-Қазіргі экономикалық ахуалға байланысты ұтымды ұсыныстар даярланды. Мәселен, солардың ең өзектілері– несиелендіру мөлшерлемесінің төмендеуін қарасыру, мемлекеттік бюджет шығынын азайту және, тиісінше, мемсатылымды қолдау. Ия, қымбатшылық екі жаққа да сезілуде. Мемлекеттік кіріс бөлігі әлсіреді. Дей тұрғанмен бұдан бәрі нашар, тұрақсыз деуге келмейді,-деп, М.Жотаев тілшілерді слайд түрінде жасалған әр жылдардағы даму диаграммасымен таныстыра өтті.
Дағдарыс әсіпкерлерге қаншалықты соққы деген сұраққа ол позитивті жауап қайтарды. Айтуынша, девальвация еңсе тіктеуге, деффицит бәсекеге қабілеттілікті арттыруға негіз болуы керек. Ал, жалпы, мемлекет тығырықтан шығудың тың механизмдерін табуда. Бюджеттік саланың жалақысы өсетіні солардың бір ғана мысалы.
ҚР парламентінде «Ақ жол» партиясының 8 өкілі бар. Алдағы сайлауда фракция санын әлі арттыра түсуді мақсат ететіндіктерін айтып отыр М.Жотаев.
Ж.Балғынбекұлы