«Өңірде діни ахуал тұрақты»

Қостанай облысында халықтың үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде діни ахуал тұрақты. Бұл туралы бүгін кезекті баспасөз мәслихатында облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұриқан Нөгербеков мәлімдеді. Журналистермен өткен жиында басқарма тарапынан қолға алынған жұмыстар мен аймақтағы діни мәселелер сөз болды.DSCN8175
Нұриқан Нөгербековтің айтуынша, өңірде 112 діни бірлестік тіркелсе, оның ішінде 34 ислам, 34 христиандық православие, 4 христиандық католик, 39 христиандық протестанттық, 1 дәстүрлі емес діни бірлестік бар. Діни бірлестіктердің қарамағында 98 ғибадат үйлері бар. Олардың 34-сі мешіт, 30-ы орыс православие шіркеуі, 4-і католиктердің костелдары, 30-ы құлшылық үйі. Қазір облыста діни әдебиеттерді сатуға рұқсат етілген 2 нысан жұмыс істейді.  
 Басқарма басшысы журналистер тарапынан түскен сауалға орай берген жауабына сай, еліміздегі діни ахуалдың соңғы жылдары күрделене түскені жасырын емес. Содан болар дін мәселесі қазіргі қоғамның жиі талқылайтын өзекті тақырыбына айналып отыр. Сондықтан азаматтардың діни сауатын көтеру мақсатында ерекше жұмыс жүргізіледі. «Қазір түрлі ағымдардың қатарына кіріп, адасқандардың айналасындағы адамдарға ықпалы қандай болатыны – өзекті мәселе. Бұл мәселе дін істері басқармасы, басқа мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың да назарынан тыс қалмайды. Әлбетте, осындай азаматтармен, жалпы өңір тұрғындарымен жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Нұриқан Қажымұқанұлы. – Наным-сенім деген нәзік дүние ғой. Азаматтардың көзқарасын өзгерту оңай емес. Сондықтан, ондай азаматтармен күнделікті түсіндіру жұмысына айрықша көңіл бөлінеді. Біздің өңірдегі «Тәжірибелі психологтар қауымдастығы», «Ел ертеңі», «Социум» қоғамдық бірлестіктер осыған атсалысуда. Бұл азаматтарымыздың діни сауатын көтеру- біздің басты мақсатымыз. Осы бағытта жұмыс жасалып жатыр», – деп толықтырды ол.
Конфессияаралық келісім, азаматтардың дін ұстану бостандығын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік басқаруды, сондай-ақ, заңмен көрсетілген межеде салааралық үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыратын құрылым діни әдебиетті қадағалау, интернет ресурстардағы жарияланымдарды сараптау сынды бүгінгі қоғам үшін маңызды жайттарды да қадағалап отырады. «Бүгінгі күні тіркелмей, заңсыз жұмыс істейтін діни бірлестік жоқ. Біз барлық діни субъектілермен ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз, оның ішінде, қажет болған жағдайда әкімшілік заңдылықтар да қолданылады», – деді брифингте басқарма басшысы Нұриқан Нөгербеков.  
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ   

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓